Еліміздің жолдарында азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау – полиция органдарының басым міндеттерінің бірі. Оны іске асыру үшін жол қауіпсіздігі деңгейін арттыруға бағытталған ұйымдастырушылық, практикалық және құқықтық шаралар кешені қабылданады. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова «Қауіпсіз жол» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасының қорытындысымен таныстырды.
«Жыл сайын 13 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы болады, онда 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 18 мыңнан астамы жарақаттанады. Жалпы, соңғы 5 жылда апаттылықтың төмендеу динамикасы байқалады. Биыл 1 700-ден астам ЖКО орын алған, онда 200-ден астам адам қаза тауып, 2,5 мыңға жуық адам жарақат алды», - деді ІІМ өкілі.