Бұрын геологиялық есептерді зерттеуден бастап лицензия алуға және жыл сайынғы есептерді ұсынуға дейінгі барлық процестер қағаз жүзінде жүргізіліп келді. Сонымен қатар тексеру үшін деректердің жеткіліксіздігіне байланысты көптеген сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен қателіктері орын алған болатын. Енді жер қойнауын пайдаланушылар мен әлеуетті инвесторларға іргелес инфрақұрылымнан бастап, геологиялық және геофизикалық есептерге дейінгі электрондық форматта сұралған учаске туралы толық мәлімет қолжетімді болады. Платформада қатты пайдалы қазбаларды барлауға және өндіруге өтінімдерді қабылдау, қарау және лицензия беру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ онлайн қабылдаумен қатар, қағаз түрінде берілген өтінімдер де тіркеледі. Осылайша, Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексте көзделген «бірінші келген – бірінші алады» қағидаты бойынша жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауына қол жеткізу құқығын сақтаудың ашықтығы қамтамасыз етіледі.

Қазіргі уақытта жаңа функцияларды әзірлеу және 2023 жылғы мамырда жоспарланған өнеркәсіптік пайдалануға енгізуге дайындық бойынша жұмыстар, жер қойнауын пайдаланушыларды оқыту және платформа жұмысын көрсету жүргізіліп жатыр. Бұл ретте әзірлеушілер сервистерді одан әрі дамытуда ескерілетін функционалды жақсарту және дамыту жөнінде ұсыныстар жинауды жүзеге асырады.

Платформаның автоматтандырылған құралдары табиғатты пайдалану қақтығыстарын бірден көрсетеді. Пайдаланушылардың заңнамаға сәйкес барлау немесе өндіру жұмыстарын жүргізуге рұқсат етілген немесе тыйым салынған учаскелерді бір терезе арқылы қарауға және таңдауға мүмкіндігі болады.

Платформаға 30 мың геологиялық есеп жүктелген. Биыл кем дегенде 24 мың есепті зерделеу картасын толықтыру жоспарланып жатыр. Жер қойнауын пайдаланушылардың лицензиялық-келісімшарттық талаптарының орындалуына мониторинг жүргізу бойынша жаңа функциялар әзірленеді.