Президент тапсырмасына сәйкес студенттер үшін жаңа жатақханалар салу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде, өйткені тұрғын жайлардың жетіспеушілігі еліміздің көптеген өңірлерінде өзекті мәселе болып отыр. Бұл ең алдымен Астана және Алматы қалаларында қатты сезіледі. Жастар өз бетінше баспана іздеп, оған қомақты ақша төлеуге мәжбүр.

Мәселені шешудің тиімді әдістерінің бірі - студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік тапсырыстар орналастыру тетігін жетілдіру. Құрылыс салушыларды тарту үшін бір орынға мемлекеттік тапсырыс нормативі едәуір ұлғайтылды: мемлекет 6 жыл ішінде әрбір студент үшін жыл сайын Алматы қаласында 230 АЕК және елдің басқа өңірлерінде 195 АЕК (2023 жылы 1 айлық есептік көрсеткіш 3450 теңгеге тең) төлейтін болады.

Осы мақсатта заңнамада жатақхана салу үшін жер телімін алу рәсімдерін жеңілдететін нормалар көзделген. Бүгінгі таңда мемлекеттік 28 ЖОО-ның 13-інің жер учаскелері бар, 12-сінің жобалау-сметалық құжаттамасы рәсімделген.

Жоғары оқу орындары көп шоғырланған Алматы қаласында жатақханалар салу мәселесі өткір болып қалуда. Мұнда инвесторларды тарту үшін бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейтін «Қаржы орталығы» АҚ жобалық офисі жұмысын бастайды. Оның тәжірибесін жақын арада республиканың басқа өңірлеріне де тарату жоспарлануда.

Кеңес қорытындысы бойынша әкімдіктерге жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, үш жыл ішінде студенттер жатақханаларындағы орындарды 30 мыңға дейін жеткізу міндеті қойылды.