Қазақстан мен Өзбекстан президенттері екі ел арасындағы одақтастық қатынастардың қазіргі жағдайын және оны нығайту перспективаларын өзара сенім, достық және тату көршілік рухында қарастырды.

Тараптар Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр желтоқсан айында Ташкентке жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын талқылады.

Екі ел басшылары сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, өзара тауар айналымын арттыру, инвестиция тарту, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салаларындағы қарым-қатынастарды дамыту перспективалары туралы сөз болды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.