«X мерейтойлық маусым – бұл театр үшін ғана емес, жалпы еліміздегі театрлардың тынысы үшін де маңызды оқиға. Осы маусымда біздің көрермен сүйікті балеттерін де, жаңа қойылымдарды да тамашалайды. Бұл қазақстандық жас хореографтар Айнұр Әбілғазинаның қойылымындағы «Soli Deo Gloria» және Олжас Маханбеталиевтің «Nine» атты қойылымдары, сондай-ақ І республикалық «Ашық Сахна» жас хореографтар байқауының жеңімпазы «Жеті қазына» миниатюрасы. Алдағы маусымдағы ең жарқын қойылымдар осы», – деді «Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі Нұрлан Қанетов брифинг барысында.
Н. Қанетовтың айтуынша, I республикалық «Ашық Сахна» жас хореографтар байқауы – осы маусымдағы ең жарқын тәжірибе. Байқаудың мақсаты – заманауи отандық хореографияны дамыту үшін жаңа идеялар мен формаларды табу және балет өнері саласындағы ұлттық дәстүрлерді нығайту.
Спектакльдердің премьералары 15 және 16 сәуірде өтеді.
Сонымен қатар 21-22 наурызда «Астана Балет» сахнасында мәдени құбылысқа бағалауға тұрарлық шара –аңызға айналған Urker тобының 30 жылдығына және театрдың 10 жылдық мерейтойына арналған театрдың симфониялық оркестрімен бірлескен концерті өтеді. Театрдың бас дирижері мен топ солистері ОКҚ алаңында өткен брифингте бірлескен жобадан не күтетіндерін айтып берді.
«Оркестр әртістері бұл кездесуді асыға күтуде. Олардың көпбі осы топтың әндерін тыңдап өсті. Біз елорда тұрғындарына мереке сыйламақпыз», - деді «Астана Балет» театрының бас дирижері Арман Оразғалиев.
«Urker» тобының солисті Айдос Сағаттың айтуынша, бұл әйгілі әндерді қайта түлетіп, оларды жаңаша ұсыну мүмкіндігі: симфониялық, драмалық түрде.
«Симфониялық оркестрдің арқасында көптеген әндер мүлдем басқаша естіледі. Біз мерейтойлық маусымды осы концерттермен ашамыз», – деді А. Сағат.
X мерейтойлық маусымы аясында Францияның Rue des arts ұжымы елімізде алғаш рет өнер көрсетеді. Қойылым 9-сәуірде «Астана Балет» театрының сахнасында көрермен назарына ұсынылады.
«Үлкен театрдың жетекші балеринасы Светлана Захарова, Алматыға гастрольдік сапар аясында Диана Вишнева келеді. Екеуі де «Кармен-люкс» спектаклінде билейді. Ал мерейтойлық маусым шымылдығы гала-балетпен жабылады. Ол шілде айында өтеді», - деді Александр Совостьянов жоспарларымен бөлісе отырып.
Александр Совостьянов қазақстандықтарды театрға баруға, сондай-ақ театрдың X мерейтойлық маусымы аясында жоспарланған іс-шараларды тамашалауға шақырды.
«Мен баршаңызды театрға шақырамын, мұнда ерекше күйге бөленесіздер. Өнерге, музыкаға, биге жақынырақ болыңыздар. Бұл біздің әлемді жадыратады», – деді Совостьянов.