Оның айтуынша, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың егіс алаңдарын 117 мың гектарға, азықтық дақылдар алаңдарын 36,5 мың гектарға және қант қызылшасы алаңдарын, 6,7 мың гектарға ұлғайту көзделіп отыр.
«Нарық конъюнктурасының өзгеруіне байланысты мақсары, соя және қыша сияқты кейбір майлы дақылдар егілетін алаңдардың шамалы қысқаруы болжануда. Сонымен қатар күнбағыс сияқты әлеуметтік маңызы бар дақыл үшін алқапты 30,8 мың гектарға, көкөніс, бақша және картоп бойынша егіс алқабын 11,1 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. Ылғалды көп қажет ететін дақылдарға келетін болсақ, өткен жылмен салыстырғанда биыл мақта алаңының 14,8 мың гектарға азаяды деп күтілуде, ол 111,4 мың гектарды құрайды», - деді вице-министр.
Сонымен қатар Үкіметтің суды көп қажет ететін дақылдар алаңын азайту жөніндегі тапсырмасына қарамастан, күріш алаңдарының өткен жылмен салыстырғанда 7,6 мың гектарға ұлғаюы байқалады. Жалпы, астық, көкөніс-бақша, картоп бойынша жоспарланған алаңдар ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Маңызды міндеттердің бірі топырақта ылғалдың жиналуы және оны ұтымды пайдалану шараларын жүргізу болып табылады.
Қазіргі уақытта елімізде егіс науқанын жүргізуге 450 мыңға жуық арнайы техника, оның ішінде 149,8 мың трактор, 76 мың тұқым сепкіш, 219 мың топырақ өңдеу құралы бар. Көктемгі егіс жұмыстарын оңтайлы мерзімде сапалы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қажетті ресурстармен қамтамасыз етілуде.
«Республикада бір мезгілде бірнеше технологиялық операцияларды орындайтын қазіргі заманғы егіс кешендерінің 4,9 мыңнан астам бірлігінің болуы агротехнологияларды дәл сақтай отырып, дәнді дақылдар алаңдарының 70%-ын себуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Аталған техникалардың дайындығы шамамен 95%-ды құрайды, егіс жұмыстарын жаппай бастау алдында 100%-ға дайын болады», - деді спикер.
Сонымен қатар өңірлерге көктемгі егіс жұмыстарына 413 мың тонна жеңілдікті дизель отыны бөлінді. Бұл өткен жылғы деңгейден 13 мың тоннаға артық.
ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабектің айтуынша, Энергетика министрлігімен бірлесіп облыстарды мұнай өңдеу заводтарына бекіту кестесі және мұнай өңдеу заводтарымен ақпан айына белгіленген баға – тоннасына 222 мың теңге немесе литріне 184 теңге болып бекітілді.
«Қазіргі уақытта тиеп-жөнелту кестесіне сәйкес өңірлік операторлар ақпан айындағы 79,6 мың тонна немесе жоспардың 98%-ын толық дерлік төлем жасалды, 55,6 мың тонна немесе 69% тиеп-жөнелтілді. Министрлік өңірлерге дизель отынның тиеп-жөнелтілуіне күнделікті мониторинг жүргізеді», - деді Ә. Тамабек.
Сонымен қатар облыс әкімдіктерінің жедел деректері бойынша тұқым құю жоспары 100%-ға жүзеге асырылды. Фермерлер 2,4 млн тонна көлемінде тұқым қорын қалыптастырған. Сараптамаға 1,4 млн тонна жаздық дақылдар тұқымы келіп түсті. Тексерілген тұқым көлемінің 99,7%-ы кондицияланған деп танылған, сондай-ақ 93,4%-ы себу стандартының 1 және 2 кластарына сәйкес келеді. Өңірлердегі қоймаларда тұқым қоры қалыптастырылған.
2023 жылға облыстардың жергілікті бюджеттерінде тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 11,4 млрд теңге көзделген.
Биыл қаңтар айынан бастап алғаш рет көктемгі егіс жұмыстарын 140 млрд теңге көлемінде қаржыландыру пысықталды. Аграрлық несие корпорациясы бұл қаражаттың бөлінуін күтпей-ақ, қолда бар ресурстар есебінен желтоқсан айынан бастап қаржыландыруды бастады. Жалпы, 3200-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін қамтып, 2 млн гектарға жуық алқапта егін егу мен жинауды қамтамасыз ету жоспарлануда.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы арқылы да қаржыландыру жалғасады. Биыл компания салаға 55 млрд теңге бөледі, оның 20 млрд теңгесі форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша, 35 млрд теңгесі тауарлық несие беру есебінен. Барлық проблемалық мәселелерді жедел шешу үшін министрлік жанынан барлық қажетті мемлекеттік органдар мен ұйымдарды, сондай-ақ облыстар мен қалалар әкімдерінің орынбасарларын тарта отырып, жедел штаб құрылды. Қабылданып жатқан шаралар егіс науқанын сапалы және оңтайлы агротехникалық мерзімде жүргізуге мүмкіндік береді», - деді ведомство өкілі.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марлен Набиевтың айтуынша, кредиттік серіктестіктер арқылы 62,2 млрд теңге, ЕДБ арқылы – 71 млрд теңге, өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржылық ұйымдары арқылы – 6,8 млрд теңге қаржыландыру жоспарлануда. Қаржы институттары үшін сыйақы мөлшерлемесі 1,5% құрайды, қаржы институттарының маржасын ескере отырып, түпкілікті қарыз алушылар үшін мөлшерлеме 5% болмақ. Соңғы қарыз алушылар үшін қарыз мерзімі – 2024 жылғы 1 наурызға дейін.
«Биыл бюджеттік несие ұзақ мерзімге берілді, сондықтан осы бағдарлама бойынша өтеу мерзімі 2024 жылғы 1 наурызға ауыстырылды. Бұл фермерлерге ауыл шаруашылығы өнімдерін анағұрлым тиімді бағамен сатуға мүмкіндік береді», - деді спикер.
Сондай-ақ 30 млрд 600 млн теңге көлемінде 847 ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші қаржыландырылды, 1298 ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушіні 72,1 млрд теңгеге қаржыландыру мақұлданды, сондай-ақ 9,3 млрд теңге көлемінде 199 ауыл шаруашылығы тауар өндіруші қаралуда, 28,9 млрд теңгені құрайтын 1537 ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші құжаттары жинауда.
«Былтыр желтоқсан айында біз 2023 жылғы көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруды бастадық. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге айналым қаражатын толықтыру, қаржыландыру үздіксіз жүріп жатыр», - деді Набиев.