ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында отандық қайта өңдеу өндірістерін шикізатпен толыққанды қамтамасыз ету мәселесі көтерілгенін атап өтті.

«Осы келісімнің негізгі мақсаты тараптардың ұзақ мерзімді, өзара тиімді ынтымақтастығын нығайту және дамыту, кәсіпкерлік қызметті қолдау, теңдік, ашықтық, парасаттылық және өзара сыйластық қағидаттары негізінде қазақстандық қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту болып табылады», - деді Ілияс Оспанов.

Келісімге сәйкес KAZ Minerals Management ЖШС өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын («Үлбі металлургия зауыты» АҚ, «Қазэлектромаш» ЖШС және «Түсті металдарды өңдеу зауыты» АҚ) шикізатпен толық көлемде қамтамасыз етеді. Осылайша, кәсіпорындарға катодты мысты бәсекеге қабілетті бағамен сатып алу мүмкіндігі беріледі.

Өз кезегінде өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындары жоғары деңгейде қайта өңделген өнім шығаруды қамтамасыз етуі, өндіріс көлемін ұлғайтуы, сондай-ақ алынатын шикізаттың барлық көлемін қайта өңдеуі тиіс.

Бұл шара өңдеуші өнеркәсіптің отандық кәсіпорындарының жүктемесін арттыруға мүмкіндік береді.