2022 жылдың соңында Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Amazon компаниясы арасында Жоғары білім беру саласындағы перспективалық ынтымақтастық, студенттердің оқу процесінде инновацияларды енгізу және мансабын бастау үшін қажетті дағдыларды игеру мүмкіндіктерін кеңейту туралы Меморандумға қол қойылған болатын.
Екі жақты келісім аясында Қазақстанда College Contributor initiative пилоттық бағдарламасы іске қосылды. Енді еліміздің ЖОО студенттері Amazon компаниясының халықаралық аудиториясы арасында бірінші болып OpenSearch Amazon ашық бастапқы коды бар жобамен жұмыс істеуге қатысады.
Еліміздегі техникалық университеттерде оқитын 100-ден астам үздік студент Amazon корпорациясының алдыңғы қатарлы жобасына тікелей қатысуға мүмкіндік алады. Ақпараттық технологиялар мамандығында білім алатын қазақстандық студенттер үш ай бойы Amazon компаниясы мамандарының жетекшілігімен OpenSearch бойынша тәжірибелік жұмыстар жүргізіп, деректер репозиторийлерінің кең бағыты бойынша бастапқы кодқа өзгерістер мен жақсартулар енгізеді.
Бағдарлама студенттердің өз портфолиосына халықаралық жобаларда жұмыс істеу бойынша трек рекордын (басқару нәтижелерін) жасауға, Amazon компаниясының мамандарымен тиімді байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
OpenSearch жобасы аясында студенттерге өз жұмыстарына толық талдау түріндегі есеп беріледі. Сондай-ақ, корпорация тәлімгерлерінен ұсынымдар мен пікірлер тыңдап, болашақта Amazon компаниясында тағылымдамадан өтуге, тіпті жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.
Бұдан бөлек, Amazon компаниясы OpenSearch Amazon пилоттық жобасын Қазақстанда іске асыру арқылы басқа елдерден студенттер тартып, өрісін кеңейтуге ниетті.