Ветеринария деңгейін арттыру аясында елімізде нақты жұмыстар атқарылды. Жол картасы іске асырылып жатыр. Ветеринариялық кадрларды даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылады. Мәселен, аграрлық ЖОО-лар ветеринария бойынша білім беру бағдарламасына қойылатын талаптардың тізбесін бекітті және жұмыс берушілер мен халықаралық мамандардың пікірлерін ескере отырып, ветеринария бойынша барлық білім беру бағдарламаларын жаңартты. Осы жылы ветеринариялық мамандықтар бойынша ауылдық квота 30%-дан 35%-ға дейін ұлғайтылды. Ветеринария бойынша білім беру грантының саны 825-тен 925 грантқа дейін өсті. Білім беру гранттарының құны мемлекеттік жоғары оқу орындарында 635 мыңнан 955 мың теңгеге дейін, ұлттық жоғары оқу орындарында 1 млн теңгеге дейін арттырылды.

Өңірлерге қоныс аударатын ауыл жастары арасынан оқуға қосымша 72 грант бөлінді. Ұлттық экономика министрлігіне «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде бюджеттік кредит мөлшерін ұлғайту жөнінде ұсыныстар жолданды.

Сонымен қатар спикер ветеринарлық мамандарды қолдау шараларына тоқталды. Мысалы, 2022 жылы 2021 жылмен салыстырғанда жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша ветеринарлық мамандардың жалақысы республика бойынша орташа есеппен 50%-ға өскен. 2023 жылы республика бойынша жоғары білімді ветеринарлық дәрігерлердің орташа жалақысы 145 мыңнан 282 мың теңгеге дейін құрайды. Бұл ретте 12 облыста жалақы 200 мың теңгеден жоғары.

Сондай-ақ 1 және 2 патогендік топтардың патогенді биологиялық агенттерімен жұмыс істейтін ветеринариялық мамандарға кемінде екі лауазымдық жалақы мөлшерінде еңбекақы мен сауықтыруға арналған жәрдемақыға қосымша ақы түрінде әлеуметтік қорғау көрсетуге мүмкіндік беретін нормаларды іске асыру аясында бюджетті нақтылау кезінде жалақыны арттыруға әсер ететін қосымша 9,2 млрд теңге қарастырылуда. Бұл да еңбекақының өсуіне әсер етеді.

Заң жобасы шеңберінде ветеринариялық дәрігердің мәртебесі мен нормативтік жүктемесін айқындау, жалақыны, қосымша ақыларды, үстемеақыларды және әлеуметтік қолдау шараларын ұлғайту көзделеді.

«Жоғарыда аталған шараларды іске асыру ветеринарлық дәрігер мамандығының тартымдылығын арттыруға, өздеріне тән емес функциялардан және қағазбастылықтан босатуға мүмкіндік береді. Ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралардың сапалы вакциналармен уақытылы жүргізілуін, елдегі қолайлы эпизоотиялық жағдайды қамтамасыз етеді», - деді спикер.