Спикердің айтуынша, биыл бірқатар ірі жоба жүзеге асырылуда. «Орталық-Оңтүстік» жобасы бойынша жалпы ұзындығы 946 шақырым болатын «Астана-Қарағанды-Балқаш-Алматы» дәлізінің құрылысы жүргізілуде. «Қарағанды-Балқаш-Бурылбайтал-Құрты-Қапшағай» учаскелерін қайта жаңарту жалғасуда. Жұмыстарды аяқтау 2023 жылға жоспарланып отыр.

«Талдықорған-Өскемен» жобасы бойынша жолдардың жалпы ұзындығы 768 шақырымды құрайды. Бұл жоба үш облысты қамтиды: Алматы, Абай және ШҚО. Қазіргі уақытта 649 шақырымында қозғалыс ашылған. Тағы 119 шақырымында жұмыстар жалғасуда. Нысанды 2024 жылы тапсыру жоспарланған.

«Ақтөбе-Атырау-Астрахань» автожолы - батыс өңірлерді өзара байланыстыратын көлік дәлізі. Биыл ұзындығы 440 шақырым болатын «Қандыағаш-Мақат-Атырау» учаскесін аяқтау жоспарлануда, «Ақтөбе-Қандағаш», «Атырау-Астрахань» автожолдарын қайта жаңарту жалғасуда. Жыл соңына дейін қозғалыс ашылып, нысан 2024 жылы тапсырылады», - деді А. Беков.

Сондай-ақ спикер «Қызылорда-Жезқазған» автожолы құрылысының барысы туралы баяндады. Қызылорда облысының аумағында жұмыстар 2022 жылы басталды. Ұлытау облысы бойынша жол-құрылыс жұмыстары ІІ жартыжылдықта басталмақ.

ҚР ИИДМ автожолдар комитеті төрағасының орынбасары үш жаңа жоба туралы да айтты.

«Жобалау сатысында үш жаңа жоба тұр. Бұл «Атырау-Орал» (521 км), «Жезқазған-Қарағанды» (513 км) және «Ақтөбе-Ұлғайсын» (252 км) автожолдары», - деді спикер.