Мемлекет басшысы бір жылдың ішінде еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде болған негізгі өзгерістерге тоқталып, жүзеге асырылған реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделгенін атап өтті.
– Бұл қағида – мемлекетіміздің басты тірегі. Референдумнан кейін Конституцияның жаңа талаптарына сай билік тармақтарын түгел жаңғыртуға кірістік. Халықтың да көптен күткені осы еді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды бес саяси науқан өткізілді. Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Қаншалықты күрделі болса да, біз еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзім ішінде жүріп өттік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сайланған депутаттарды ел мүддесі үшін жұмыла жұмыс істеуге шақырып, Отанымызды өркендету жолында жасалатын өзгерістер әлі де жалғасатынын айтты.
– Бұл – ұзақ жолдың басы ғана. Реформалар жалғаса береді, саяси құрылымды жетілдіру қажет. Бұл – аса маңызды жұмыс. Биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Содан кейін еліміздегі барлық аудан әкімдерін сайлайтын боламыз. Осылайша, биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайды. Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз. Бәріміз мына бір өте маңызды нәрсені түсінуіміз керек. Қазақстан – осы геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел. Оның бәрі, ең алдымен, ел болашағы үшін айрықша маңызды, – деді Президент.
Осы орайда Мемлекет басшысы депутаттарға бір ғана маңызды міндет жүктелетінін, яғни әрдайым өзгерістердің бел ортасында болу керек екенін атап өтіп, олардың маңызды шешімдер қабылдайтынын және сол үшін жұрт алдында жауап беретінін айтты.
Президент еліміздің негізгі басымдықтарына тоқталып, Парламенттің алдағы жұмысы туралы ойларын ортаға салды. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында іскерлік белсенділікті ынталандыру, еліміздің өндірістік әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, адам капиталының сапасын арттыру, әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау, адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайту, мемлекеттік басқарудың тиімділігін және стратегиялық жоспарлаудың сапасын көтеру мәселелеріне назар аударды. Сондай-ақ аталған мәселелердің аясында Үкіметке бірқатар тапсырмалар беріп, Парламент тиісті заң жобаларын қабылдау қажет екендігін айтты.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, реформалардан кейін депутаттардың өкілеттігі біршама кеңейгенін, қос палатаның жұмысына бірқатар өзгеріс енгізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұрын заң жобасын Мәжіліс мақұлдап, Сенат қабылдайтын. Енді заң қабылдау құзыреті Мәжіліске берілді. Мәжіліс басқа да артықшылыққа ие болды. Осылайша, жоғары өкілді орган шын мәнінде ықпалды Парламентке айналды.
Президенттің сөйлеген сөзінің толық мәтінімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.