Қазіргі ғаламтор дамыған заманда әлеуметтік желілерде кез келген пікірді, жазбаларды толықтай қадағалау мүмкін емес болғанымен, агенттіктің қол қусырып отырмағанын айтты спикер. ҚМА ақпараттық жүйелері тәулік бойы интернет кеңістігінде мониторинг жүргізе отырып, қаржы пирамидаларының белгілері бар сайттардың немесе аккаунттарды анықтайды.

«Былтырғы жылдың өзінде бізде 6,5 мың сайт бұғатталса, биыл жыл басынан бері 3 мыңға жуық сайт бұғатталды. Бұл жүйе автоматтандырылған және ол ҚР АҚДМ кейбір бақылау жүйесінде бұғаттау үшін жіберіледі. Бұл бір», - деді агенттік өкілі.

Екіншіден, ҚМА жыл басынан бері телеграм мессенджерінде «Байқа, пирамида» деген бот жасап шығарды. Қазіргі уақытта кез келген азамат қандай да бір әлеуметтік желінің немесе сайттың сілтемесін алып, сол ботқа жібере алады.

Жауап автоматты түрде келеді.    

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің реестрінде бар-жоғына тек жеке тұлғалар мен сайттарды ғана емес, БИН арқылы компанияларды да тексеріп біліп алуға болады.