Оның айтуынша, Президент Жарлығымен бекітілген ҚР 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру қажеттілігі айқындалған. Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген 2022-2026 жылдарға арналған қаржылық мониторингті дамытудың берілген тұжырымдамасына сәйкес, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының оқу-тәрбие процестеріне қаржылық қауіпсіздік жөніндегі тақырыптарды енгізу көзделген. Яғни, бұл - оқыту процесіндегі жаңа пәндер.
ҚР ҚМА халықтың қаржылық сауаттылық деңгейін бағалау, ел азаматтарының қаржы пирамидалары туралы хабарлар болу деңгейін айқындау мақсатында аумақтық департаменттерде жұмысты ұйымдастырды.
«Агенттік қаржылық қауіпсіздік тақырыбындағы сабақты дайындау мен өткізу бойынша әдістемелік ұсынымдар мен тиісті перзентациялық материалдар әзірледі. Аумақтық бөлімшелеріміз республиканың орта білім беру мекемелері мен жоғары оқу орындарында қаржылық қауіпсіздік сабағын өткізу бойынша жұмысты бүгінгі таңда жалғастыруда. Оқу жылының басынан бері агенттіктің және оның департаменттерінің қызметкерлері республиканың білім беру мекемелері арасында халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша жұмыс жүргізген болатын. Оның ішінде 390 мектеп, 64 колледж студент, 52 ЖОО қамтылды», - деді агенттік өкілі.
2023 жылдың І тоқсанында бұл жұмыстармен республиканың білім беру мекемелері арасында 196 мектеп, 21 колледж, 19 ЖОО қамтылған.
Ал алда өтетін қаржылық қауіпсіздік бойынша республикалық олимпиаданың мақсаты - жастардың жалпы қаржылық сауаттылығын арттыру, ойлаудың жаңа формасын қалыптастыру, дарынды жастарды анықтау және қаржылық қауіпсіздік саласындағы қызығушылығы мен шығармашылық белсенділігін арттыру.
«Олимпиада бизнес және кәсіпкерлік негіздері, сонымен қатар қаржылық сауаттылық бірліктерінен тұратын жаһандық құзыреттілік курсы бойынша онлайн және офлайн форматтарында сәуірдің 3-і мен 26-сы аралығында өткізіледі. Оған жалпы білім беру ұйымдарында 10-11 сыныптардың оқушылары қатыса алады. Жоспар бойынша қатысушылар саны 3 мың адамды құрайды. Олимпиада қазақ және орыс тілдерінде өтеді», - деді Ә. Әбділов.