Тарифтік жеңілдіктің арқасында отандық қант зауыттары өз қуаттылықтарын жүктеу үшін баж төлемей шикізат сатып алуға мүмкіндік алады, бұл сайып келгенде, дайын өнімнің бағасына оң әсер етеді. Қазақстандық тарапты Премьер-Министрдің орынбасары–сауда және интеграция министрінің м.а. Серік Жұманғарин басқарды.

«Өткен жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, қазақстандық нарықтың 90%-ын қамтыған көрші елдерден жеткізілген қант түрлі факторларға ұшырайды және тұрақсыз. Еліміз өзінің қант өнеркәсібін дамыту туралы шешім қабылдады, ол үшін қазіргі кезде шикізат көлемінің жеткілікті болмауына байланысты үшінші елдерден шикізат әкелуіміз қажет», — деді ЕЭК отырысында сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова.

ЕЭК Кеңесінде бекітілген шикізатты бажсыз әкелуге арналған тарифтік квота осы жылдың алдағы 9 айына 350 мың тоннаны құрайды. Тараптар күзде осы мәселеге қайта оралуға және қажет болған жағдайда жаңа түсімді ескере отырып, квота көлемін қайта қарауға уағдаласты.

Қазақстанда 2022 жылы қант зауыттары 283 мың тонна қант (33 мың тонна қызылша және 249,9 мың тонна қамыс) өндірді , жүктеме 50% құрады. 2023 жылғы қаңтар-ақпанда – 51,5 мың тонна қант өндірілді, 40,4 мың тонна импортталды.

Қазіргі уақытта «айналым схемасы» аясында облыс әкімдіктері қант зауыттарына шикізатты уақытылы сатып алу, ішкі тұтыну үшін жеткілікті көлемде және тұрақты бағамен қант өндіруге мүмкіндік беретін қуаттарды жаңғырту үшін 18 млрд теңге бөлді.