Уылдырық шашу кезеңінде табиғатты қорғау және құқық қорғау органдарының қызметкерлері балықтардың, оның ішінде бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашатын жерлерге қоныс аударуын қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын балықтың заңсыз аулануы мен айналымына қарсы іс-қимыл бойынша күш біріктіреді.

Акция аясында браконьерлік фактілерінің ең ықтимал көрінетін жерлерінде жылжымалы бекеттер мен мобильді рейдтік топтар ұйымдастырылды. Бұл ретте негізгі күштер мен құралдар Каспий теңізінің жағалауы мен акваториясында және Жайық пен Қиғаш өзендерінің сағалық кеңістігінде шоғырланған.

Осыған сәйкес, акция кезеңінде әуежайларда, вокзалдарда және автотрассаларда балық өнімдерін әкетуге бақылау күшейтілді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Каспий теңізіндегі браконьерлікке қарсы күресті күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Ішкі істер министрлігі 2023 жылғы 1 наурызда Жайық-Каспий бассейні акваториясында браконьерлікке қарсы күрес жөніндегі 2023-2024 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын бекітті.

Осы жоспар шеңберінде Жайық-Каспий бассейнінің су айдындарында бүгінде табиғат қорғау заңнамасын 129 бұзушылық анықталды, 2 қылмыстық іс қозғалды, 2 млн.теңгеден астам сомаға айыппұл салынды, заңсыз айналымнан 500 кг астам балық, оның ішінде 184 кг бекіре, 186 бірлік тыйым салынған балық аулау құралдары алынды.

Аталған шаралар қазіргі және болашақ ұрпақтың мүдделерін ескере отырып, балық ресурстары мен басқа да су жануарларының табиғи популяциясын сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған