Спикердің айтуынша, ешкім қол қусырып отырған жоқ. Біріншіден, темір жол және автомобиль көлігімен ЖЖМ әкетуге тыйым салынды. Сондай-ақ ресурс иелеріне жанармай құю станцияларына тікелей сатуға міндеттейтін заңнамалық нормалар қабылданды. Бұдан басқа, мұнай жеткізу және мұнай өнімдерін өткізу кезінде өнімсіз делдалдар жойылды. Резиденттік пен жанармай құю көлеміне байланысты сараланған бағалар енгізілді.

«Дегенмен, көлеңкелі бизнес әрқашан шектеу шараларын айналып өту үшін мүмкіндік табады. Әр жолы біз өз нарығымызда жетіспеушілігін болдырмау үшін қымбат импорттық отынды шұғыл түрде сатып алуға мәжбүрміз», - деді министрдің міндетін атқарушы.

Энергетика министрінің міндетін уақытша атқарушы басшының пікірінше, біз ЖЖМ өндірісін қанша ұлғайтсақ та, ағымдағы бағамен  әрдайым жеткіліксіз болады. Бағаның осындай айырмашылығымен жанар-жағармайдың көрші елдерге ағыны жалғаса береді. Бұл жағдайда оның көлемі өседі, ешқандай шектеу шаралары жүз пайыз нәтиже бермейді.

«Баға диспропорцияның сақталуы көлеңкелі нарықтың жұмыс істеуі үшін жүйе жасайды және елдің ұлттық мүдделеріне нұқсан келтіреді», - деді спикер.

Сонымен қатар, жанар-жағармайдың төмен бағасы мұнай-газ секторына инвестициялар тартуға және дамытуға, сондай-ақ геологиялық барлау жүргізуге және ресурстық базаны толықтыруға мүмкіндік бермейді.

Энергетика министрлігінің хабарлауынша, мұндай жағдайда шекті бөлшек сауда бағаларын көтеру арқылы Қазақстан мен көрші елдер арасындағы жанар-жағармай бағасының айырмасын төмендету қажет. Атап айтқанда, энергетика министрлігі басшысының м.а. есептегендей, АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин бағасын литріне 182-187 теңгеден 205 теңгеге дейін арттыру қажет. Бұл ретте өсім 11% құрайды.

Дизель отынына бағаны орта есеппен 20%-ға көтеру ұсынылады - литріне 230-260 теңгеден 295 теңгеге дейін.

Егер баға айырмашылығын қазір қысқартпасақ, жақын арада біз жанармай тапшылығына тап боламыз. Сонымен қатар, бұл саланы одан әрі дамыту жолдарын жауып, елдің энергетикалық қауіпсіздігіне қауіп төнеді, деп түйіндеді спикер.