Шымкент қаласының, Түркістан, Қостанай, Жамбыл, Маңғыстау облыстарының білім беру саласында қолдан әкімшілік кедергілер жасалған. Мониторингті желеу ете отырып, балабақшаларға тексеру жүргізілген. Пара алу фактілерінің жолы кесілді, заңсыз ведомстволық бұйрықтар жойылды. Білім беру саласының басшылығына сыбайлас жемқорлықтың елеулі тәуекелдері туралы ескертілді.
Спикердің айтуынша, Шымкентте құзыретті емес тұлғалар балабақшаларға мораторийге қайшы тексеру жүргізген.
«Тексеріс жүргізбеу үшін балабақша иелерінен пара алу әрекеттеріне тосқауыл қойылды. Қазіргі уақытта заң бұзушыларға қатысты қылмыстық іс қозғалды», - деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі.
Тағы бір мысал. Астана, Шымкент қалаларында, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Абай облыстарында бизнесмендер мектеп сайттарында мәзір фотосын орналастырғаны үшін «Күнделік» ЖШС-іне төлем төлеуге міндеттелген. 400-ден астам мектепке қызмет көрсететін 117 кәсіпкер аталған серіктестікке 9 млн теңге төлеген.
Биыл наурыз айының басында Оқу-ағарту министрлігінің басшылығымен бірлескен кеңес өткізіліп, мәзір фотосын тегін орналастыру туралы бірлескен шешім қабылданды.