2029 жылға қарай жыл сайын қазақстандық авторлардың 600 спектаклін сахналау жоспарланып отыр. Қойылымдар санының артуы кезең-кезеңімен жүзеге асады. Мысалы, биыл 245 спектакль қою міндеті тұр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 62 қойылымға артық.

Тұжырымдама сонымен қатар инклюзивті топтың балалары үшін театр труппаларын ашуды, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға спектакльдердің онлайн-көрсетілімдерін ұйымдастыруды, жаңа театрлар салуды және жас таланттарды мемлекеттік қолдау шараларын одан әрі іске асыруды көздейді.

«Еліміздің театр өнерін дамыту - алдағы бірнеше жылдағы басты міндеттеріміздің бірі. Театр біздің азаматтарымызға барынша қолжетімді болуы тиіс. Бұл тек көрермендер үшін ғана емес, сонымен қатар жас талантты драматургтер үшін де керек. Жаңа авторларсыз даму мүмкін емес, сондықтан біздің министрлік жаңа есімдерді танытуға ерекше назар аударады. Мәселен, өткен жылы әдебиет саласындағы «Айбоз» тұңғыш ұлттық сыйлығы табыс етілді. Биыл қазақстандық жас жазушылар мен ақындарға арналған Президенттік әдеби сыйлық табысталады», – деді Мәдениет және спорт вице – министрі Нұрғиса Дәуешов.