Министр 2023-2024 жылдар кезеңіне арналған жылыту маусымына дайындық туралы айтып берді.

«Алдағы жылыту маусымында коммуналды-тұрмыстық көмірдің тапшылығын болдырмау үшін осы отын түрін өндіретін кәсіпорындарды қоспағанда, автокөлікпен және теміржол көлігімен оны әкетуге шектейтін алдын алу шаралары қабылданып жатыр. Жылу беру мезгілінің ең қызған кезеңінде әлеуметтік көмірді сату нүктелерінен жымқыру фактілері байқалды. Әкімдіктер тарапынан тиісті бақылаудың жүргізілмеуіне байланысты бірқатар өңірлік оператор әлеуметтік көмірді басқа мақсатта, яғни бизнес субъектілеріне сата бастаған», – деді ведомство басшысы.

ЖАО-дың жедел деректері бойынша жылумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы шамамен – 14 мың шақырым. Жылу инфрақұрылымының тозуы Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарында сақталып отыр.

Министрліктің коммуналды меншігіндегі жылу желілерін жаңғырту мақсатында қаржыландырудың үш тетігі іске асырылып жатыр. Мәселен, нысаналы трансферттер арқылы, бюджеттік кредит бөлу және шығындарды 50%-ға дейін субсидиялау арқылы.

«2029 жылға қарай жылумен жабдықтау желілерінің тозуын 43%-ға дейін төмендету міндеті қойылып отыр. Жергілікті атқарушы органдар жылумен жабдықтау жобалары бойынша тиісті өтінімдер мен құжаттарды ұсыну жөніндегі жұмысты жандандыруға тиіс. Қазір 2024 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау барысында тек 43 жылумен жабдықтау жобасына байланысты өтінімдер қарастырылған», – деді Марат Қарабаев.