Жалпы көлемі 5 403 тоннаны құрайтын (81 вагон) негізгі гуманитарлық жүк теміржол арқылы жеткізілді. Гуманитарлық көмек азық-түлік өнімдерінен (сүт консервілері, өсімдік майы, ұн, қарақұмық жармасы) тұрады.

«Біз Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстанның ауған халқына гуманитарлық көмегін жеткізу үшін Ауғанстанға арнайы келдік. Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, халықаралық қоғамдастық та, оның ішінде Қазақстан да ауған халқын қиын жағдайда көмексіз қалдыра алмайды. Біздің гуманитарлық миссиямыздың қасиетті Рамазан айында өтіп жатқаны оған ерекше сипат береді. Осындай барлық мұсылмандарға қасиетті саналатын айда барлығыңызға бейбіт өмір мен сабыр тілеймін», — деді Серік Жұманғарин.

Ауғанстанға сапар барысында Серік Жұманғарин Ауғанстанның сауда және өнеркәсіп министрінің міндетін атқарушы Нұриддин Азизимен, вице-премьер Абдул Ғани Барадармен, сыртқы істер министрі Әмір Хан Муттакимен, байланыс және телекоммуникация министрі Наджибулла Хакканимен кездесті.

«Қазақстан Кабулмен өзінің дипломатиялық қарым-қатынасын сақтап қалған және Ауғанстанды көршілес елдермен бейбіт қарым-қатынасты қолдайтын тұрақты және гүлденген мемлекет ретінде көргісі келетін санаулы елдердің бірі. Біз Ауғанстанмен қалыптасқан сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және энергетикалық байланыстарды одан әрі дамытуға мүдделіміз. Премьер-Министрдің сауда жөніндегі орынбасары ретінде біздің елдеріміздің сауда саласындағы және өңірлік ауқымдағы ынтымақтастықты дамыту үшін зор әлеуеті бар екеніне сенімдімін. Біз сауда-экономикалық саладағы, оның ішінде гуманитарлық көмек көрсету арқылы ынтымақтастықты дамыту бойынша жұмысты жалғастыруға дайынбыз. Қазақстанның Ауғанстанға экспорттық әлеуеті азық-түлік, мұнай-химия, химия, металлургия, жеңіл, машина жасау, құрылыс және басқа салаларда 174 миллион АҚШ долларын құрайтын 46 тауаран тұрады. Бұл тауарларды екіжақты сауда айналымына қосу екі елге де тиімді болады деп санаймын», — деді Серік Жұманғарин кездесулерде Үкімет мүшелеріне.

Анықтама:

2022 жылы Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы $987,9 млн-ды құрайды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ($474,3 млн) 2,1 есеге жоғары. 2022 жылы Қазақстаннан Ауғанстанға экспорт 2,1 есе өсіп, $978,9 млн-ды құрады. Өткен жылы Ауғанстаннан Қазақстанға импорт 82,6%-ға өсті және биылғы қаңтар-ақпан айларында $9,1 млн-ды құрады. Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы $2 282,6 млн-ды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 94,6%-ға жоғары (145,2 млн. доллар). Қазақстаннан Ауғанстанға экспорт 2023 жылдың қаңтар-ақпан айларында 95%-ға өсіп, $281,5 млн-ды құрады. Ауғанстаннан Қазақстанға импорт 2023 жылғы қаңтар-ақпанда 28,3%-ға өсіп, $1,1 млн-ды құрады.