Бүгін таңғы сағат 5-тің кезінде Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында 2-ші мөлтек ауданда екі қабатты тұрғын үйде газ баллонының жарылысы орын алған. Оқиғаның себептері анықталуда. 

«Ол екі қабатты тұрғын үйде газ жүйесі жүргізілген. Жарылыс салдарынан 3-4 пәтер опырылып құлап, салдарынан төрт адам қайтыс болды. Он үш адам зардап шеккен. Ауруханаға апарылған жеті адам қайта үйлеріне жіберілген. Үш адам ауруханада, екі адам ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр», - деді Н. Дербісов. 

Оның айтуынша, бұл мәселе бойынша төтенше жағдайлар қызметі үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. 

«Бізде қазір барлық жергілікті атқарушы орындарда Газ инспекциясы құрылған. Өйткені соңғы кездері газдың жүргізілуі мәселесі бақылаусыз қалғандықтан, ТЖМ болып жатқан оқиғаларды талдап, үкіметке ұсыныс берді. Нәтижесінде, соңғы екі жылдың көлемінде барлық өңірлерде газ инспекциясы құрылды, олар тікелей осы газ берілген жүйелерде жұмыс жасап жатыр», – деді спикер. 

Бекітілген критерийлерге сәйкес, 28 қабаттан асатын тұрғын үйлердің барлығы бақылауға алынып, тексеру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, барлық тұрғындарға түсіндіру және рейдтік жұмыстар үнемі жүргізіліп келеді.  

«Ал болған жағдай туралы тікелей «былай» деп айта алмаймыз. Өйткені жағдай толығымен тексерілуде. Барлығы тексеріліп біткеннен кейін біз міндетті түрде себеп-салдарын айтатын боламыз», – деді комитет төрағасы. 

Журналистің сұрағына жауап бере отырып, Н. Дербісов қазіргі уақытта ЖАО бойынша апат болған үйдегі тұрғындарды есепке алу жүргізіліп жатқанын айтты. Бірінші кезекте оқиға болған жерден адамдарды құтқару жұмыстары жүргізілген. Қазір жарылыс болған тұрғын үйде қанша адам тұруы керек, ал қанша адам болған болуы керек, соның бәрі анықталып жатыр. Төтенше жағдай қызметінің құтқарушылары апат болған жерде жұмыстарын жалғастыруда. Егер үйіндінің астында тағы да адамдар қалған болса, бұл туралы қосымша мәлімет берілетін болады, деді төтенше жағдай саласының басшысы.