Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары білім беру жүйесін кадрлық қажеттіліктерге неғұрлым нақты қайта бағдарлау мақсатында форсайт-зерттеулер жүргізудің, кадрларға өңірлік қажеттілік карталарын әзірлеудің маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар ведомство басшысы кадрларды даярлаудың өңірлік жүйесін жергілікті сұраныспен байланыстыру, университетте ғылымды дамыту, жастарды ғылымға тарту, жоғары білім беруді интернационалдандыру, цифрлық экожүйені қалыптастыру қажеттілігіне тоқталды.

Іс-шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова, «Мамандығым – Болашағым» жобасының жетекшісі Самғат Ермекбаев, университет ректоры Марат Сырлыбаев, Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығының жобалық кеңсесінің өкілдері, университеттің оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.

Университет ректоры М. Сырлыбаев іс-шараны ашып, Ақмола облысын кадрлармен қамтамасыз ететін, сеніп тапсырылған ЖОО базасында жобаны іске асырудың маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларға қажетті жаңа дағдыларды игеруде табыс тіледі.

Айта кету керек, жоба аясында Ақмола облысын кадрлармен қамтамасыз етудің өңірлік стандарты әзірленетін болады. Өңірлік жобалық кеңсе ретінде Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті анықталды.

Ақмола облысында «Мамандығым – Болашағым» жобалық кеңсесінің ашылуы аясында университет қызметкерлері форсайт зерттеу әдіснамасын 4 күн ішінде қарқынды режимде оқып, нәтижесінде сертификаттар алады. Оқу қорытындысы бойынша университет қызметкерлері Өңірлік жобалық кеңсе командасына кіреді және Ақмола облысының кадрларға қажеттіліктің өңірлік картасын қалыптастыруға бағытталған өңірдің негізгі салалық сарапшыларының қатысуымен ауқымды форсайт зерттеу жүргізуге тікелей қатысады.

Бүгінгі таңда «Мамандығым – Болашағым» өңірлік жобалық кеңсесі 5 өңірде: Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Павлодар облыстарында және Астана қаласында іске асырылуда. Павлодар және Маңғыстау облыстары кадрларға өңірлік қажеттілік карталарын әзірлеуді аяқтап, осы өңірлердің басым салалары арасында перспективалы кәсіптерді анықтады.