«Тіл тағдыры – ел тағдыры» деп аталатын бұл жоба мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттыруға жастар арасында дәріптеуге арналған жоба.  Жоба аясында қор үлкен үш шараны жүзеге асырады. Біріншіден, «Тіл тағдыры» ақпараттық порталы құрылады. Сонымен қатар, өзге этнос өкілдерінің арасында шығармашылық байқау өтеді. Ал ең ірі шара – бұл «Aqyl Battle cup» республикалық зияткерлік сайысы болмақ.

«Қазірдің өзінде «Aqyl Battle» мобильді қосымшасы жастар арасында танымал. Тілімізді, тарихымызды, мәдениетімізді дәріптеп жүрген үлкен бір құралға, сондай бір жақсы мобильді қосымшаға айналды. Ендігі біздің мақсатымыз – осы шараны офлайн форматта жастар арасындағы зияткерлік сайысқа айналдыру», - деді Б. Шербаева.

«Aqyl Battle cup» негізгі үш кезеңмен жүзеге асырылады. Қор директоры ең бірінші кезеңін мамыр айынан бастап кету жоспарланып отырғанын айтты. 20 күн бойы әр өңірде онлайн турнирлер өтеді.  

«Сіз «Aqyl Battle» қосымшасын телефоныңызға жүктеп алып, өз өңіріңізді таңдайсыз. Турнирге қатысасыз. Сол турнирдің ішіндегі ең үздік жоғары балл жинаған жүз қатысушы орталықта өтетін турнирге қатысатын болады. Жүз қатысушыны біз орталыққа арнайы хабарлама жіберіп шақырамыз», - деді ол. 

Осы орталықта қалалардан офлайн турнирге келген қатысушылар арасында команда жасақталады. Сол командалар өз араларында бақ сынасады. Ішіндегі үздік команда Астана қаласында өтетін «Aqyl Battle cup» республикалық зияткерлік сайысына қатысады.  

«Жалпы, ойынның әрбір кезеңінде бағалайтын қазылар алқасы болады. Қазылар алқасы құрамындағы қоғам қайраткерлері, Мәжіліс депутаттары және жергілікті мәслихат депутаттары, жас ғалымдар, медиа тұлғалар, жастар арасындағы танымал тұлғалар жастарға баға беретін болады. Ең соңғы шешім әділ қазылардың балл қоюымен жоғары балл жинаған команда жеңіске жетеді. Жалпы жүлде қоры 2 млн 600 мың теңгені құрайды», - деп түйіндеді Б. Шербаева.