Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев 2022 жылдың қорытындысы бойынша қабылданған шаралардың арқасында азық-түлік өндірісінің көлемі 3,9%-ға артып, 2,9 трлн теңгеге жеткенін баяндады. Атап айтқанда, өсімдік майы, ұн, макарон, жарма, шұжық және қант өндірісі артқан. Алайда сүт өнімдері, соның ішінде сары май, сүт, ірімшік және сүзбе бойынша шикізат базасының төмен деңгейде дамуына байланысты өндіріс азайған.

Жағдайды өзгерту үшін өңірлік ӘКК арқылы ірі тауарлы-сүт фермаларының құрылысын жеңілдікпен қаржыландыру бойынша СҚО-ның табысты тәжірибесін қолдану жөніндегі жобаны іске асыру басталды. Осы мақсаттарға 2023 жылы 100 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр, бұл өндірістік қуаты жылына 373 мың тонна сүтті құрайтын 65 тауарлы-сүт фермасын құруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде отандық сүт зауыттары сапалы шикізатпен қамтамасыз етіледі, жалпы сүт бойынша импортқа тәуелділік айтарлықтай төмендейді. Алдағы жылдары осындай тағы 50 ферма салу жоспарланып отыр.

Министр көкөністердің негізгі түрлері бойынша Қазақстан ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етіп отырғанын айтты. Мәселен, 2022 жылы 4,1 млн тонна картоп, 621 мың тонна сәбіз, 1,1 млн тонна пияз және 551 мың тонна қырыққабат өндірілді. Алайда өндіріс көлеміне қарамастан, қыс-көктем кезінде сақтау қуатының төмендігіне байланысты нарықта отандық көкөністер ұсынысы төмендеп отыр. Бұл мәселені шешу үшін көкөніс қоймаларын салу және жаңғыртудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын іске асыру жүргізілуде. Оның аясында 2021-2022 жылдары жалпы сақтау көлемі 200 мың тоннадан асатын 37 жоба іске қосылды. 2023 жылдың соңына дейін 111 мың тонна өнімді сақтауға мүмкіндік беретін 29 жобаны іске асыру жоспарланған.

Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру жөніндегі жұмыс туралы айтып берді. Өңірлерде жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, сондай-ақ Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы баяндады.

Премьер-Министрдің айтуынша, әлемдегі геосаяси жағдайдың шиеленісуі және өнімдер мен шикізатты жеткізудің жаһандық тізбектерінің бұзылуы салдарынан азық-түлік қауіпсіздігі ең өзекті мәселеге айналып отыр. 

«Осыған байланысты өткен жылы Қазақстан Республикасының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2022-2024 жылдарға арналған жоспары қабылданды. Онда егіс алқаптарын ұлғайту және негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының түсімін арттыру көзделген. Сондай-ақ мал басын өсіруге және мал шаруашылығының өнімділігіне баса назар аударылып отыр», — деді Әлихан Смайылов. 

Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайту және егіс алқаптарының көлемін арттыру есебінен еліміздің агроөнеркәсіп кешені дамудың оң серпінін көрсетті. Мәселен, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 9%-ға ұлғайып 9,3 трлн теңгені құрады. Өсудің негізгі факторы болған өсімдік шаруашылығында өнім өндіру көлемі 15%-ға артты.

Үкімет басшысының айтуынша, Жоспарды іске асырумен бірге, делдалдық схемалардың жолын кесу, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізу және нарықтық реттеу шаралары белсенді түрде іске асырылуда. 

Республиканың агроөнеркәсіп кешенінде бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, өндірісті одан әрі әртараптандыру үшін 65 тауарлы-сүт фермасы іске қосылады. Оған қоса, Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымымен бірге Қазақстанның жануарлардың аса қауіпті инфекциялары бойынша тұрақты деген мәртебе алуы турасындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл өткізу нарықтарын кеңейтуге және ет өнімдерінің экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтаудың қажетті инфрақұрылымы құрылуда. Бүгінгі таңда жалпы сыйымдылығы 2 млн тоннаға жуық көкөніс пен жемісті сақтайтын 1 200-ден астам объект бар. Алайда, Үкімет басшысының айтуынша, бұл жеткіліксіз – жаңа көкөніс қоймалары қажет.

Оған қоса Әлихан Смайылов фермерлер Бірыңғай мемлекеттік субсидиялау ақпарат жүйесіне шағым айтатынына назар аударды.

«Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын орындау бойынша жұмысты жалғастыру қажет», — деді Үкімет басшысы. 

Қорытындылай келе, Премьер-Министр нарықтың нақты қажеттілігін ескере отырып, Жаңа көкөніс қоймаларын салу және қолданыстағы қоймаларды жаңғырту бойынша кешенді жоспарды өзектендіруді, барынша қысқа мерзім ішінде субсидиялаудың онлайн-платформасының тиісті жұмысын қамтамасыз етуді, маусым айының соңына дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қажетті өнімдерін сатып алуды, оның ішінде көрші елдерден әкелеуді қамтамасыз етуді, сондай-ақ «Азық-түлік корпорациясының» жұмысын еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін және ӘМАТ бағасын тұрақтандыруды қамтамасыз етуге бағыттай отырып, қайта құруды тапсырды.