Франция – Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда-экономикалық әрі стратегиялық серіктестерінің бірі, сондай-ақ елімізге инвестиция салған 5 ірі инвестордың қатарына кіреді.

«Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Франция Республикасына жасаған іссапары екі мемлекеттің арасындағы қарым-қатынасқа тың серпін берді. Мәселен, осы уақытқа дейін Франция Қазақстанға 18 млрд доллардан аса қаражатқа инвестиция салған. 2022 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 30%-ға өсіп, 4 млрд долларға жетті. Тұтастай алғанда, республика аумағында франциялық бизнестің қатысуымен 180-нен астам кәсіпорын жұмыс істеп келеді», – деді Марат Қарабаев.

15-ші мәрте ұйымдастырылған үкіметаралық отырыста тараптар қазіргі экономикалық ахуалды, оның ішінде ауыл шаруашылығы, цифрландыру, денсаулық сақтау, энергетика, өнеркәсіп және көлік саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Аталған отырыстың қорытындысы бойынша 6 құжатқа қол қойылды. Соған сәйкес бірлескен коммюникеге, BRGM компаниясы мен ҚР ИИДМ Геология комитеті арасында геологиялық зерттеулер саласындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға, Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен C3Médical компаниясы арасында телемедицина мәселелеріне байланысты уағдаластыққа, Назарбаев Университеті мен Alstom, AirLiquide компаниялары арасында әріптестік бойынша өзара түсіністік жөніндегі келісім шартқа, сондай-ақ жаңғырмалы энергия көздерін дамыту бойынша AirLiquide Munay Tech Games мен KunTech арасында ұзақ мерзімді келісімге қол жеткізілді.