Ведомство басшысы шетелдік инвесторлармен кездесті. Ербол Қарашөкеевке болашақ кәсіпорындар туралы егжей-тегжейлі баяндалды.
Атап айтқанда, қытайлық Wanlin Group Limited компаниясы пияз өндірісі бойынша көш бастап тұрған Жамбыл облысында дегидрацияланған көкөніс шығаратын зауыт салуға ниетті.
Компания президенті Ли Янтаоның айтуынша, жобаны 5 жыл ішінде үш кезеңде жүзеге асыру жоспарланып отыр, ал инвестициялардың жалпы көлемі 30 млн долларды құрайды. Инвестор Жамбыл облысының үш ауданында пиязды отырғызды, қазір пилоттық жоба аясында түсімді сынау нәтижелері күтіліп отыр.
Айта кетейік, ҚХР-да Wanlin Group Limited компаниясының дегидрацияланған көкөніс өндіретін екі ірі зауыты бар. Өнімдер негізінен АҚШ пен Еуропаға экспортталады.
Қостанай облысында мамыр айының ортасында түріктің Аrbel компаниясының бұршақ дақылдарын қайта өңдейтін жаңа зауыты ашылады. Компания төрағасы Хусейн Аслан кәсіпорында 70-ке жуық адам жұмысқа орналасатынын атап өтті. Өндірістің күтілетін жылдық қуаты шамамен 170 мың тонна бұршақ, қызыл және жасыл жасымық, ноқат және қатты сұрыпты бидайды құрайды. Бірінші кезеңдегі инвестиция көлемі – 8,5 млн доллар. Қазіргі уақытта технологиялық жабдықты монтаждау, сондай-ақ тиісті рұқсат құжаттарын алу жүргізіліп жатыр.
АШМ басшысы аталған кәсіпорын іске асырылғаннан кейін түрік компаниясы астықты терең өңдеу жобасын қарастыра алатынын атап өтті. Бүгінде бұл бағыт Қазақстанның әлемдегі жоғары сапалы астық өндіруші ел ретіндегі ұстанымын ескере отырып, перспективалы бағыттардың бірі болып табылады, деп қорытындылады Ербол Қарашөкеев.
Шетелдік инвесторлар қазақстандық ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді алуды көздемейді, аталған жобаларды отандық фермерлермен кооперацияда іске асырып жатыр.