Оның айтуынша, басында Ұлттық тауар өткізу жүйесі бойынша 24 қойма салынады деп жоспарланған, МЖӘ бойынша мемлекет тарапынан қаржы бөлінетін болған. Кейіннен бұл жоспардан бас тартылып, қоймаларды кәсіпкерлердің өз қаражатына салу туралы тапсырма берілген. Сондықтан Ұлттық тауар өткізу жүйесі басында жоспарлағандай, бұрынғы форматында болмайды, дейді сауда саласының өкілі.
«Екіншіден, оның ақпараттық жүйесі жасалады. Барлық сақтау қоймалары, ірі желілер, сақтауда тұрған көкөністер, әлеуметтік маңызы бар басқа да азық-түліктер соның ішіне енгізіледі», - деді А. Әбілдабеков.
Соның арқасында тұтынушылар, яғни сауда желілері сол тауарларды сатып алуға мүмкіндік алады.
«Бұл қазір пилоттық жоба деп жоспарлануда. Жүйе 4-5 ай бойы Астана қаласы мен Шығыс Қазақстан облысында жүргізіледі. Жүргізіліп болған соң қай жері дұрыс, қай жерінде кемшіліктер бары анықталып, кейін әрі қарай дамытылады», - деді комитет төрағасының м.а.
Журналистің жанар-жағар май бағасының өсуінің азық түлік бағасына қаншалықты әсері болатыны туралы сұраққа жауап бере отырып, А. Әбілдабеков қазіргі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлік бағасы қымбаттамауы үшін шаруаларды арзандатылған жанар-жағармаймен қамтамасыз етіп отырғанын айтты. Яғни, Қазақстандағы егіс шаруашылығымен айналысатын барлық шаруаларға осы арзандатылған жағармай беріледі.
«Сондықтан оның бағасының өсуі өнімнің шығуына әсер етпейді. Кейіннен, өнімді тасымалдаған кезде әсері тиюі мүмкін, яғни 2-5 пайыз аралығында өсуі мүмкін, одан артық емес», - деді спикер.