Форумды ашқан Қазақстанның вице-премьері Серік Жұманғарин Қазақстан мен Тәжікстанның екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін жеткізді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша екі ел осы бағытта айтарлықтай ілгеріледі. Мәселен, Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда 18,5%-ға өсіп, $1,4 млрд-қа жетті. Қазақстандық тауарларды Тәжікстанға экспортқа шығару 9,7%-ға ұлғайып, $877,6 млн-ды құрады. Өсім негізінен бидай, маргарин, күнбағыс майы, арпа, ыстық илектелген легирленбеген болат шыбықтар, цианидтер, оксидтер және алюминий гидроксидтері экспортының ұлғаюына байланысты болды. Қазақстандық экспорт бойынша оң үрдіс 2023 жылдың бірінші тоқсанында жалғасын тапты. Өткен жылы Тәжікстаннан импорт 37,9%-ға өсіп, $501,4 млн-ды құрады.

«Екі ел президенттерінің Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тауар айналымын $1 млрд-қа жеткізу жөніндегі алға қойған міндеті сәтті орындалды. Бірақ бізге мұнымен тоқтап қалмау керек, себебі бізде нәтижені көбейтудің барлық мүмкіндіктері бар. Біздің болжамымыз бойынша Орталық Азия өңіріндегі сауда әлеуеті $10 млрд-ты құрайды», — деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.

Бұл ретте сауда ынтымақтастығында негізгі рөл ауыл шаруашылығы саласына беріледі. Өткен жылы ғана АӨК өнімдерінің саудасы Қазақстан мен Тәжікстанның өзара саудасының жалпы көлемінің жартысынан немесе $578,3 млн-нан асып, 40% өсім көрсетті.

Екі ел арасындағы теміржол арқылы жүктер тасымалы да оң динамиканы көрсетіп отыр. 2022 жылы экспорттық-импорттық тасымалдау көлемі 563,87 мың тоннаны құрап, 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 90,23 мың тоннаға ұлғайды. Автокөлік бойынша тасымалдау 66%-ға өсіп, 288,65 мың тоннаға жетті.

Тәжікстан Премьер-Министрінің орынбасары Зиёзод Сулаймон форумда атап өткендей, жаһандық сын-қатерлер мен тәуекелдердің өсуі жағдайында серіктес елдердің басым міндеттерінің бірі сауда-экономикалық өзара байланыстарды кеңейту болып отыр.

«Қазақстан – Тәжікстанның маңызды серіктесі, біз арадағы тығыз және достық қарым-қатынастарды бағалаймыз. Біз үшін экономикалық өзара іс-қимылды дамыту зор маңызға ие. Бүгінде Қазақстан Тәжікстанның сыртқы сауда әріптестері арасында экспорттық-импорттық операциялар бойынша екінші орында тұр», — деді Зиёзод Сулаймон.