Ол әрбір мектептің салтанатты шараны, соңғы қоңырау өткізу туралы шешімдерді дербес қабылдайтынын айтты. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі соңғы қоңырау өткізуге қатысты мектептердің осыған дейінгі дәстүрлерін қолдайтынын жеткізді. Дегенмен, вице-министр министрліктің нормативтік құжаттарында бұған дейін де, қазір де мұндай іс-шара қарастырылмағанын атап өтті. Соңғы қоңыраулар өткізілген жағдайда, министрлік бұл іс-шараны 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орайластырып, соның форматында өткізуді ұсынып отыр.
«Тағы бір айта кететін мәселе, 9-11 сынып түлектері бітіру емтихандарын тапсырады. 9 сынып бітірушілер қорытынды мектеп емтихандарын 2-13 маусым аралығында тапсырады. Ал 11 сынып бітірушілер үшін мемлекеттік емтихандар 5-19 маусым аралығында өтеді. Аттестаттарды тапсыру бойынша салтанатты іс-шаралар өткізіледі, бұл іс-шараларды министрлік 20, 21, 22 маусым күндері өткізуді ұсынып отыр», - деді Ш. Каринова.
Сондай-ақ ол сынып сағаттарын өткізу кезінде, салтанатты түрде атестаттарды тапсыру кезінде, салтанатты шаралар өткізген кезде педагогикалық этиканы сақтау және сыбайластық құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ата-аналардан іс-шараны өткізуге немесе аниматорларды, мерекелік кеш ұйымдастыратын агенттіктерді, жеке студияларды жалдап шақыру үшін қаражат жинауға тыйым салынатынын ескертті. Педагогтерге, мектеп әкімшіліктеріне сыйлық жасау бойынша ата-аналардан қаражат жинауға да министрлік тарапынан қатаң түрде тыйым салынады.
«Колледждерде қорытынды аттестаттау биыл 28 маусымға дейін созылады. Оларды биыл 144 мыңнан аса түлек аяқтайды. Колледж түлектерінің дипломдарын салтанатты түрде тапсыру рәсімдерін 28 маусым – 1 шілде аралығында өткізу ұсынылады», – деді оқу-ағарту бірінші вице-министрі.