Биыл бірінші тоқсанда 372 млн теңгеден аса қаражатқа 17 мың отбасы тұрғын үй көмегін алды. Сонымен қатар былтыр өтемақы мөлшері мен үміткерлердің санын ұлғайтатын өзгерістер енгізілді.

Осы орайда елімізде мұқтаж азаматтардың коммуналдық қызметтерге жұмсалған шығындарын өтеу үлесі орта есеппен – 52,8%. Аталған тұрғын үй көмегі жергілікті бюджеттен төленеді, сондай-ақ оны тағайындаудың белгіленген ережелері бар.

Жоғарыда айтылған шығынның шекті деңгейі мен тұрғын үй көмегін тағайындау тәртібін жергілікті мәслихаттар бекітеді.

Өңірлік әкімдіктердің деректеріне сүйенсек, соңғы 4 жылда 174 мыңнан астам азамат шамамен 5 млрд теңге тұрғын үй көмегін алған. Осы ретте әлеуметтік аз қамтылған отбасының табысы (мысалы, 4 адамнан тұратын отбасы) бір адамға шаққанда шамамен 25 798 теңгені, ал тұтастай отбасына есептегенде 103 192 теңгеден аспауға тиіс.