М.Нұртілеу сұхбаттасын Қазақстанның визалық саясаты, ҚР тарапынан ЕО үшін көші-қон тәуекелдерінің болмауы, Қазақстан Үкіметі заңсыз көші-қонға қарсы күрес бойынша қабылдап жатқан шаралар және осы бағыттағы жұмыстың басқа да маңызды аспектілері туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.

Өз кезегінде И.Йоханссон Еуроодақ Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін және тараптардың азаматтары арасындағы байланыстарды кеңейтуге ұмтылатынын мәлімдеді. Еурокомиссардың пікірінше, Қазақстан мен ЕО арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңызды көрсеткіштерінің бірі тұрақты мәдени-гуманитарлық алмасуды қолдау.

Сындарлы көзқарасы үшін еуропалық тарапқа шын жүректен алғыс білдіре отырып, ҚР СІМ басшысы визалық режимді жеңілдету қазақстандықтардың үмітіне жауап беріп қана қоймай, ҚР мен ЕО арасындағы ынтымақтастықтың барлық кешенін дамытуға елеулі серпін беретінін атап өтті.

2017 жылдан бастап Қазақстан ЕО-ның барлық мемлекеттерінің азаматтары үшін іскерлік ынтымақтастықты, туризмді және адами байланыстарды дамыту үшін біржақты тәртіппен визасыз режим енгізді.

Визалық режимді жеңілдету қажетті құжаттар тізімін қысқартуды, визалардың ұзақтығы мен жиілігін арттыруды және т.б. қамтиды.