Бұл – Қазақстан Республикасының ядролық қаруды таратпау режимін нығайту ісіндегі кезекті маңызды жетістігі. Жоба Қазақстан мен АҚШ-тың жоғары байытылған уранды (ЖБУ) пайдалануды азайту және жаппай қырып-жоятын қаруды жасау үшін қолданылуы мүмкін бөлінетін ядролық материалдардың заңсыз таралу қаупін төмендету бойынша бірлескен күш-жігерінің бір бөлігі болып саналады.  

«Жұмыс» режимінде сәтті өткізілген алғашқы іске қосу қорытындысы бойынша ҚР Энергетика министрлігінің, Канаданың Қазақстан,  Қырғызстан және Тәжікстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алан Хэмсон мырзаның, АҚШ-тың Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық әкімшілігінің конверсия жөніндегі кеңсесінің директоры Кристофер Ландерстің, АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігі өкілдерінің, Қазақстан мен АҚШ-тың ғылыми ұйымдары өкілдерінің қатысуымен «ТБУ отынындағы ИВГ.1М реакторын энергетикалық іске қосу: жетістіктері мен келешегі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Тараптар реакторларды конверсиялау және Қазақстанда жоғары байытылған уранды қолдануды азайту ісіндегі прогресті, жүргізілген жұмыстардың табыстылығы мен жоғары ғылыми-техникалық маңыздылығын атап көрсетті. Конверсиялау жұмыстарын орындау техникалық шығыс параметрлері жақсартылған төмен байытылған отындағы жаңартылған реакторды алуға ғана емес, сонымен қатар ССП-да орналасқан «Байкал-1» кешені инфрақұрылымының, реакторлық және қосалқы жүйелердің техникалық жай-күйін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді.

 Анықтама.

2010 жылдан бастап Қазақстан мен АҚШ мамандары үлкен жұмыс көлемін орындады: реактордың жаңа белсенді аймақпен жұмыс істеу мүмкіндігінің есептік-талдамалық негіздемесі; эксперименттік отынды дайындау және сынау; штаттық НОУ-отынды дайындау, тасымалдау және кіріс бақылау; реакторды физикалық және энергетикалық іске қосу кезеңдері жүзеге асырылды.