Оның айтуынша, Қазақстанның өсімдіктер дүниесін ағаш-бұта және шөп өсімдіктерінің 6 мыңнан астам түрі құрайды. Оның ішінде 1,5 мыңға жуығы дәрілік өсімдіктер болса, 390 түрі ҚР Қызыл кітабына енгізілген, ал 110 түрі реликті өсімдіктер. Сондай-ақ 700-ден астамы эндемикалық өсімдік түрлері болып саналады.
Қазақстаннан экспортталатын дәрілік өсімдіктердің тізіміне 14 түрі кіреді. Бұл мия, ферула, цистанхе, түймедақ және т.б.
«Кедендік статистика деректері бойынша қазақстандық мия тамырын өткізудің негізгі нарықтары - Қытай, Түркия және АҚШ. Мысалы, Қытайға 2018 жылдан бастап 2022 жылға дейін 40 мың тоннадан астам мия тамыры экспортталған», - деді Е. Құтпанбаев.
Ол қараусыз қолданылуына байланысты дәрілік өсімдіктердің шикізат қоры таусылуы мүмкін екенін айтты. Өйткені, дәрілік өсімдіктерді бақылаусыз жинаудың өсуіне сыртқы нарықтардағы сұраныстың артуы ықпал етеді. 2023 жылға дейін еліміздегі мемлекеттік орман қорында, оның ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердегі өсімдіктер дүниесін қорғау, сақтау, қалпына келтіру және пайдалану мәселелері реттелген. Ал 94 млн га жер алаңындағы босалқы жер қорындағы ілеспе өсімдіктер дүниесіне байланысты дәрілік өсімдік шикізаты, көпжылдық екпелер, генетикалық және өзге де өсімдік ресурстары сияқты мәселелер заңнамамен реттелмеген.
«Осыған байланысты өсімдік ресурстарын тиімсіз пайдалану, олардың өсу орындарын жою, адам енгізген бөтен түрлі өсімдіктермен жергілікті өсімдіктердің ығысуы орын алды. Нәтижесінде өсімдіктердің әртүрлілігінің төмендеуіне және табиғи экологиялық жүйелердің деградациясына әкелуі мүмкін еді. Осыған орай «Өсімдіктер дүниесі туралы» Заң әзірленіп, қабылданды», - деді комитет төрағасының орынбасары.
Заңның реттеу саласы жабайы өсімдіктерді, олардың популяциялары мен табиғи жағдайда өсетін қауымдастықтарды, генетикалық қорды сақтау мақсатында ерекше жағдайларда ұсталатын олардың бөліктерін, сондай-ақ жасыл алқаптарды қамтиды. Заңның ережелері ауыл шаруашылығы өсімдіктеріне, сондай-ақ жеке учаскелерде өсетін өсімдіктерге, жеке қосалқы шаруашылыққа арналған учаскелерге, бау-бақшаға, саяжай құрылысына және көгалдандыруға қолданылмайды.
«Өсімдіктер дүниесі туралы» Заң өсімдіктер дүниесін түгендеу, мемлекеттік мониторинг және кадастр жүргізу тәртібін айқындайды. Ол бүкіл республика бойынша өсімдік ресурстарының есебін жүргізуге, олардың сандық және сапалық сипаттамаларының өзгерістерін талдауға, сондай-ақ өсімдіктер дүниесіне экономикалық баға беруге мүмкіндік береді, деп түйіндеді Е. Құтпанбаев.