Маңызды бағыттардың бірі – өз өнімдерімен қамтамасыз ету. Бұл көрсеткішті 80%-ға жеткізу көзделген.

Облысқа ғана емес, одан тыс жерлерге де жеткізілетін ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қатарында «Топар жылыжайлары» да бар. Қазіргі заманғы жылыжай кешені Қарағанды облысының Абай ауданында орналасқан.

Мемлекет «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында кешенге Топар бас энергия тарату станциясынан электр қуатын тарту, субсидиялау бойынша қолдау көрсетеді.

Қазіргі заманғы еуропалық технологиялар бойынша мұнда көкөніс пен жемістің 20-дан астам түрі өсіріледі. Оның ішінде қияр, қызанақ, болгар бұрышы, баялды, кәді түрлері, сондай-ақ лимон мен лайм да бар. Сонымен қатар, папайя, грейпфрут, анар, апельсин және мандарин өсетін жылыжай жұмыс істейді.

«Бірінші кезекте біз ішкі нарықты қамтамасыз етеміз. Қарағанды облысына, Астанаға, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай өңірлеріне басымдық беріледі. Қалған өнімді, әдетте, жазғы кезеңде Ресейге – Омбы, Новосібір, Иркутск қалаларына экспорттаймыз», – деді «Топар жылыжайларының» директоры Абдурауф Абдумавлонов.  

Кешеннің жалпы аумағы – 32 га. Алдағы уақытта 25 га жаңа буындағы жылыжайлар салу көзделген. Директордың айтуынша, бұл жартылай жабық жылыжайлар.

«Бұл 2021 жылы әзірленген жаңа технология, ол өнім көлемін шамамен 25%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Өнімдер экологиялық таза, өйткені жартылай жабық жылыжайлар топырақты сырттан түсетін әртүрлі зиянкестерден қорғайды», – деді Абдурауф Абдумавлонов.  

Сонымен қатар жақын арада сүт желісін іске қосу жоспарланған.

«Аумақта сүт-тауар фермасы бар. Қазір оны толығымен жандандырып жатырмыз. Бірінші кезекте цех іске қосылады. Көрші ауылдардан сүт сатып аламыз. Азық базасы дайындалуда. Әкімдік жер бөлді», - деді кешен директоры жоспарларымен бөлісе отырып.