Министр биыл жазғы демалыс және сауықтырумен 1-10 сынып оқушылары қамтылатынын айтты, бұл 2 млн 800 мың баланы құрайды. Оның ішінде 500 мыңнан астам жекелеген санаттағы балалар бар.
«Қазіргі таңда жазғы лагерьлерде балаларды қабылдауға дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде және аяқталуға жақын. Каникулды асыға күткен балаларымызға еліміздегі қала сыртында 218 және 10 мыңнан аса мектеп жанындағы профильдік және шатырлы лагерьлер өз қызметтерін көрсетеді. Сонымен қатар оқушыларға дәстүрлі және мәдени құндылықтармен танысуға мүмкіндік беретін Этноауыл, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Жаздық жолдама» жобаларын іске асыру, жетекші университеттер жанындағы жазғы және олимпиадалық резерв мектептерінің жұмысы көзделген», - деп нақтылады білім саласының басшысы.
Сондай-ақ жаз мезгілінде балалардың уақытын, оларды жан-жақты шығармашылық және интеллектуалдық дамуын пайдалану үшін 11 мың үйірме жұмысын жалғастырады, балалар «Жасыл ел» бағдарламасы шеңберінде көгалдандырумен шұғылданады.
«Балалардың жазғы демалысын сапалы және қауіпсіз өткізу үнемі министрліктің ерекше назарында болады. Жазғы каникулды балалар үшін әсерлі әрі мазмұнды өткізу мақсатында барлық мүдделі мемлекеттік органдарда білім беру ұйымдарын, педагогтерді, ата-аналарды, жалпы барлық қоғамдастықты бірлесе күш жұмылдыруға және балалардың жазғы демалысын өткізуге жұмылдыруға жоғары жауапкершілікпен қарауға шақырамыз», - деп түйіндеді баяндамасын оқу-ағарту министрі.
Журналистің сұрағына жауап берген министр жазғы демалыспен қамтылатын балалардың қауіпсіздігі үшін сауықтыру орталықтарына балаларды жеткізу және қайтаруға жауапты адамдардың белгіленетінін айтты. Балалардың демалуы тиісті органдармен тексеруден өткен және лицензияланған, балаларға демалыс іс-шарасын ұйымдастыруға құқылы мекемелерде ғана ұйымдастырылатындықтан, ондай жерлердегі балалардың қауіпсіздігі мәселесі қатаң бақыланады.