Облыс экономикасының негізгі салалары бойынша былтырғы жылмен салыстырғанда, 4 айдың қорытындысымен тұрақты өсімге қол жеткізілген. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі 20,6%-ға, ауыл шаруашылығы жалпы өнімі 4,7%-ға, құрылыс жұмыстарының көлемі 34%-ға, тұрғын үйлерді іске қосу 2,1%-ға, негізгі капиталға салынған инвестициялар 34,6%-ға өсіп отыр.

ЖӨӨ өндірілген көлемі 2022 жылдың 9 айының қорытындысымен 1,3%-ға өсіп, 2 трлн 876 млрд теңгені құраған. Облыстың ЖӨӨ-нің 54,6%-ы өнеркәсіп саласына тиесілі, ЖӨӨ көлемі бойынша былтырғы жылдың қорытындысымен еліміздің алдыңғы қатарлы облыстарының біріне жатамыз, деп атап өтті облыс әкімі. Инвестиция тартуда өңір экономикасын әртараптандыру мақсатында жалпы құны 1,9 трлн теңгеге 5 мыңнан астам жұмыс орнын құрумен 111 инвестициялық жобалар пулы жасақталған.

«Оның ішінде 2023 жылы 46 млрд теңгеге 1300 жұмыс орнын құрумен 54 жобаны іске қосамыз. Бүгінгі күні 14 млрд теңгеге 500-ге жуық жұмыс орнын құрумен 12 ірі жоба іске қосылды. Сонымен қатар шетелдік инвесторлардың қатысуымен өңірде бірқатар жоба қолға алынуда», – деді Н. Төреғалиев.

Ол сонымен қатар батыс өңірде ауыл шаруашылығының дамуына тоқталды. Импортқа тәуелділікті төмендету, тамақ өнімдері өндірісін дамыту және облыс халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жұмыс қолға алынуда. 2023 жылы өңірлік агроқұрылымдар мен кәсіп иелеріне 16 млрд жуық субсидия және 15 млрд теңгеге жуық несие берілмек.

«Бұл жергілікті шаруаларға мемлекет тарапынан үлкен қолдау және зор мүмкіндік болады. Сүт өнімдерінен импортқа тәуелді болып отырмыз, өңір халқын сүт өнімдерімен қамту бағытында агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды қаржыландыру бағдарламасы аясында 6 млрд теңгеге 4 ірі сүт-тауар фермаларын салу жоспарланған, 2,5%-бен несие беретін боламыз. Жаңа сүт тауар фермалары ашылған жағдайда облыс халқын сүт өнімдерімен қамтамасыз ету 22%-дан 32%-ға артады», – деп түсіндірді әкім.

«Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін суармалы жерлер көлемі облыста 9,6 мың гектардан 15 гектарға дейін ұлғаяды.

«Бүгінде картоп өнімімен қамтамасыз ету 91%, пиязбен қамту 98%, сәбізбен және қырыққабатпен қамту 56% құрап отыр. Аталған өнімдермен өзімізді-өзіміз қамту үшін жыл соңына дейін жалпы сомасы 3 млрд теңгені құрайтын 12 мың тонналық сыйымдылығы бар екі ірі инвестициялық жоба жүзеге асатын болады. 2025 жылға дейін қазіргі талаптарға сәйкес жабдықталған 48 көкөніс қоймасы жұмыс істейтін болады, яғни 100 мың тонна сыйымдылығы бар осындай көкөніс қоймаларын салып, осылайша, аталған өнімдермен өзімізді өзіміз толық қамтитын боламыз», – деді өңір басшысы.