Оның айтуынша, жыл басынан бері еліміз бойынша табиғи және техногендік сипаттағы 4 мыңға жуық төтенше жағдай тіркелген. Қабылданған шаралардың арқасында төтенше жағдайлардан зардап шеккендердің саны 8,8%-ға азайды. ТЖМ бөлімшелері 22 мыңнан астам төтенше жағдайға шықты, 5 мыңнан астам адам құтқарылды, тағы 5 мыңнан астам адам эвакуацияланды, 1,5 мыңға жуық азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Табиғи және техногендік сипаттағы аса ірі төтенше жағдайларды жою көршілес өңірлерден топтарды тартуды талап етті, бұл күрделі жағдайларда залал мен шығынды барынша азайтуға мүмкіндік берді.
2023 жылғы өрт қаупі бар кезеңнің басынан бері 146 орман өрті тіркелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға аз. Өрт ауданы 23 951 га құрады, өрттен келген залал 66 млн теңгеден асты. Экологияға келтірілген зиянмен қатар, табиғи өрттер елді мекендерге, орман қорына және егіс алқаптарына қауіп төндіреді.
«Мәселен, 2023 жылғы 23 мамырда Абай облысының Бородулиха ауданында ірі табиғи өрт болған, өрттің шығу себебі – Ресей Федерациясының аумағында құрғақ шөптің тұтануы, содан кейін өрт «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватының орман аймағына шапқан. Оны сөндіру желдің 10 м/с дейін ұйытқи соғуы салдарынан, сондай-ақ тығыз өсетін дақылдар мен құмды-тұзды жерлердің болуынан қиындады. Өртті сөндіру үшін қаланың бөлімшелері қосымша тартылды. Астана қаласы мен Қарағанды, Павлодар облыстарының ҚМ авиациясы, сондай-ақ «Қазавиақұтқару» ТЖМ авиациялық тобы ұлғайтылды. Өртті сөндіруге жеке құрамның 900-ге жуық адамы, 200-ден астам техника, 10 тікұшақ жұмылдырылды», – деп нақтылады Абай облысындағы өрт туралы вице-министр.
Ол 25 мамыр күні кешке табиғи өрттің оқшауландырылып, оның 4 елді мекенге таралуына жол берілмегенін атап өтті. Жалпы өрт шалған аумақ шамамен 3,5 мың га құрады. Бүгінгі күні өрт болған жерде «Казавиалесохрана» мекемесі авиациялық қарауылдауды жүзеге асыруда және «Семей орманы» мекемесінің өрт бөлімшесі қарауылдауда, деп түйіндеді ТЖМ өкілі.