Алдымен, журналистің Төтенше жағдайлар министрлігінде табиғи өрттерді сөндіруге арналған қажетті авиациялық техниканың бар-жоқтығы туралы сауалына жауап бере отырып, комитет төрағасы қазіргі таңда министрлік құзырында 34-ке жуық авиациялық техника бар екенін нақтылады. 10 тікұшақ су құрылғыларымен жабдықталып, дайындыққа келтіріліп, барлық өрт қаупі бар аймақтарда қойылған. Семей орманында өрт болған кезде толығымен сол тікұшақтардың барлығын жақын өңірлерден тартып, өртті тез арада ауыздықтауға мүмкіндігіміз болды, деп нақтылады Н. Дербісов.

Сонымен қатар өрттің шығу себептері жайлы сұраққа ол негізгі себеп – адами фактор, сондай-ақ күннің ысуы екенін айтты.  

«Биылғы жағдайдың қатты ушығып тұрғаны - жаңбырдың жоқтығы, жердің құрғап жатқаны және өткен жылғы қамыстың болмаса құрғақ шөптердің көп өсіп, қардың астында қалып, ал көктемде күн қатты ысығаннан кейін қайтадан құрғақ жерден көтерілуі», – деді ол.

Төтенше жағдайлар өкілінің айтуынша, демалуға және балық аулуға шыққандар да өрттің орын алуына себеп болуда.

 «Қазір барлық өңірлерге – әкімдіктерге, жергілікті атқарушы органдарға және төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамына тапсырма берілді, барлығы дайындыққа келтірілген. Өйткені қазір БҚО, ШҚО, Семей, Петропавл қаласында, Ақмола облыстарында жаңбыр жаумай жатыр және «Қазгидромет» алдағы уақытта күн қатты ыситындығын атап көрсетіп жатыр. Кейде «өрт сөндірушілер неге дер кезінде өртті сөндіре алмайды, неге техника жетіспейді» деп жатады. Ол өртті сөндірудің мүмкін еместігінен, жердің қатты құрғап тұруынан», – деді Н. Дербісов.  

Табиғи өрттерді талдау себептері өрттің тек 43% табиғи құбылыстардан, 50% астамы адамдардың әрекетінің салдарынан болатынын көрсеткен. Сондықтан өртке қарсы қызмет комитетінің басшысы орман және дала алқаптарында от жағуға, жанып тұрған темекі тұқылы мен сіріңкені лақтыруға жол бермеу, табиғат аясында демалғаннан кейін шыны ыдыстарды өзіңмен бірге алып жүру керек екенін, өйткені, күн сәулесін әйнектен өтіп, құрғақ шөпті өртеп жіберуі мүмкін екенін еске салды. Ол тұрғындарды өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтауға шақырып, өрт қаупі жағдайының күнделікті бақылауда екенін жеткізді. Сонымен қатар өрттердің алдын алу жұмыстары өз жалғасын таба беретін болады.