Спикер атап өткендей, ел халқына 3 мыңнан астам амбулаториялық-емханалық және 800-ден аса аурухана ұйымдары медициналық көмек көрсетеді. Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша азаматтардың емханаларға 300 млн-нан астам баруы тіркелді. Стационарларда 800 мың адам, оның ішінде шұғыл түрде 490 мың адам емделді. 4,5 мың қазақстандық жоғары мамандандырылған медициналық көмек алды, 250 мыңнан астам ота жасалды. Осы кезеңде елде 96 мыңнан астам нәресте дүниеге келді.
«Күндізгі стационарларда 375 мың адам емделді. Жедел медициналық көмек қызметі шамамен 1 млн 900 мың шақыруға қызмет көрсетті. Ел халқына жоғары мамандандырылған медициналық көмек 80 түрі бойынша қолжетімді», - деді вице-министр.
Оның айтуынша, бүгінде денсаулық сақтау жүйесінде 270 мыңнан астам адам жұмыс істейді, оның ішінде 79 мың дәрігер, 190 мың орташа медицина қызметкері бар.
Жедел медициналық көмек көрсету үшін 1,5 мың көшпелі жедел медициналық көмек бригадасы жұмыс істейді. Тәулігіне ЖМК бригадалары 22 мыңнан астам шақыруға қызмет көрсетеді. Медициналық авиациямен 500 пациент тасымалданды, 760 мың қашықтан медициналық қызмет көрсетілді.
Қазақстандағы денсаулық сақтаудың басым бағыттарының бірі балалардың денсаулығын қорғау болып табылады. Бүгінде, спикер атап өткендей, жүкті әйелдердің 82%-ы перинаталдық ультрадыбыстық скринингпен қамтылған. 5 жасқа дейінгі балалары бар отбасылар ЮНИСЕФ балалар қорының ұсыныстарына сәйкес патронаждық бақылауда. Бұл ретте өмірінің алғашқы жылында балалардың 93%-ы патронажбен қамтылған.
Министрліктің бастамасымен елімізде 13 перинаталдық орталық салу жоспарлануда.
«Бүгінгі таңда 240 босандыру ұйымы жұмыс істейді, оның ішінде 37 үшінші деңгейдегі перинаталдық орталық және 3 акушерлік республикалық орталық бар. Амбулаториялық деңгейде акушерлік-гинекологиялық көмекті ЖСМК құрамында 810 әйелдер консультациясы көрсетеді. Жүкті әйелдердің 99%-ы медицина қызметкерлерінің бақылауында, олардың 90% ерте бақылаумен қамтылған», - деді денсаулық сақтау вице-министрі.