Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын сақтауға бағытталған «Әрбір әйел – әрбір бала» атты тұжырымдаманың жобасы әзірлеген. Бұл жобаны әзірлеуге еліміздің білікті мамандарымен қатар, ЖОО-лардың профессорлық мамандары қатысқан. Нәтижесінде, жобаның әрі қарай орындалуын қамтамасыз ету бағытында іс-жоспарлар кешені жасалған.
«Осы іс-жоспарлар кешенінде некеге тұрмаған болашақ отбасының денсаулық паспортын енгізу жобасы әзірленді. Бұл жобаның аясында некеге тұрмас бұрын қыздар мен жігіттерді профилактикалық тексеру көзделіп отыр. Ол - болашақта әрбір жастың репродуктивтік, соматикалық, генетикалық саулығын сақтау, яғни ұрпақ саулығын сақтау, дені сау ұрпақ дені сау ұлттың кепілдігі екенін паш ету», – деді басқарма басшысы.
Жоба аясында ұсынылатын ұсыныс – ол міндетті түрде тексерілу емес. Әрбір жас жұп некеге тұрмас бұрын, ерікті түрде өздері осындай тексеруден өтіп, өзінің денсаулығы туралы толық ақпаратты ала алады. Бұл ақпараттың нәтижесі бойынша тұжырымдама қыз баланың немесе ер азаматтың өз қолына беріледі. Ол міндетті түрде некені әрі қарай жалғастырмау керек деген тұжырымдама емес, некеге тұруға тыйым салынбайды, дейді маман.
«Тағы да айта кетейін, мұның басты мақсаты – отбасын құрмай тұрып жастардың өз денсаулығы туралы толық ақпаратты алуы. Егер қандай да бір дерт анықталған жағдайда толық емделуден өтіп, жоспарлы жүктілікке дайындалуы үшін көзделіп отырған жоба», – деп түсіндірді ол жобаның мақсатын.
Бүгінгі таңда жоба Денсаулық сақтау министрлігінің сайтына орналастырылған. Сонымен қатар басқа мемлекеттік органдарға келісу үшін жолданды және қызу талқылану үстінде.
Бұл тұжырымдама қабылданған күнде де ерікті түрде өткізілетін шара, ешкімге міндеттелмейді және ол үшін некеге тұрғызбай қою керек деген заң қарастырылмайды, деп нақтылады тағы басқарма басшысы.