Шанхай ынтымақтастық ұйымы негіздерін бірінші жағынан Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан, ал екінші жағынан Қытай мемлекеті қалаған. Ұйым екі құжат аясында жүзеге асты. Біріншісі – шекара ауданындағы әскери саладағы сенім шараларын нығайту туралы Шанхай келісімі, ал екіншісі шекара ауданындағы қарулы күштерді өзара қысқарту туралы Мәскеу келісімі болды.
«Олар тиісінше 1996 және 1997 жылдары қабылданған болатын. Осы екі құжат аясындағы уағдаластықтар 2001 жылғы маусымда Шанхайда Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан көшбасшылары тарапынан жаңа бірлестікті – Шанхай ынтымақтастық ұйымын құру туралы тарихи шешімін қабылдауға сындарлы үлесін қосты», - деді министрдің орынбасары.
Оның айтуынша, ШЫҰ Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттарының бірі. Ұйымның жасампаз күн тәртібі әлемдік саясатты дамытудың қазіргі турбулентті жағдайларында үлкен сұранысқа ие.
«Бүгінгі таңда орталық күш-жігеріміз халықаралық құқықтың үстемдігі, БҰҰ жарғысы негізінде жан-жақты, тең құқылы және сындарлы көпжақты ынтымақтастыққа бағытталған», - деп нақтылады министрлік өкілі.
Ол ұйымның ашықтығы мен ешкімге қарсы бағытталмайтыны оны әрі қарай дамытудың негізгі қағидаттарының бірі болып қала беретінін нықтап айтты.
Сонымен қатар журналистің сұрағына жауап бере отырып, сыртқы істер министрінің орынбасары ШЫҰ-ның ешқашан әскери блок болмайтынын, болған да еместігін жеткізді. Ұйым аясында тек әр жыл сайын Қорғаныс министрлігінің әскери кездесулері өтіп, онда әскери-техникалық ынтымақтастық бойынша тиісті шешімдер қабылданады, деді спикер.