Бүгінде республикада балалардың құқықтары 15 халықаралық құжат, 4 кодекс және 15 заң арқылы реттеледі. Оның ішінде ең негізгілері – бала құқықтары туралы заң және білім туралы заң.

«Қазақстан балаларға мемлекет тарапынан қамқорлық жасауға басымдық беріп, бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясы ережелерін жүзеге асырады. Былтырдан бастап балалардың әл-ауқаты индексі енгізіліп, өңірлер бөлінісінде жас ұрпақты лайықты дамуы бағытында жасалып жатқан жұмыстарға жүйелі мониторинг жүргізу қолға алынды», – деді вице-министр.

Жыл сайын Қазақстан Ресупбликасындағы балалардың жағдайы туралы ұлттық баяндама әзірленіп, өскелең ұрпаққа мемлекет пен қоғам тарапынан қамқорлық жасаудың проблемалық сұрақтары сараланып, оларды жүйелі шешу бойынша нақты ұсынымдар әзірленеді. Олардың нәтижесі мемлекеттік органдарға жолданып, тиісті шаралар қолданылады.

«Елімізде балалардың саны тұрақты өсу үрдісіне ие және ерекше мақтанарлық көрсеткіш. Қазақстанда жыл сайын 400 мыңнан астам сәби дүниеге келеді, еліміздегі 6 млн бала халқымыздың жалпы санының үштен бірін құрайды. Мемлекет пен қоғамның бірлесе қабылдаған шараларының арқасында бізде балаларға қамқорлық жасау бағытында оң динамика бар», – деді оқу-ағарту саласының өкілі.

Мәселен, он жыл ішінде мектепке дейінгі ұйымдар желісі 3670 бірлікке, ондағы балалар саны 263 мыңға ұлғайған. Апатты жағдайдағы мектептер саны 1520-ға азайып, бүгінде 60-қа дейін төмендеді. Мемлекеттік мектептен тыс қосымша білім беру желісі 1256 бірлікке, ал олардың контингенті 1 млн 118 мың балаға дейін жетті. Ал соңғы үш жыл ішінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдар саны 21 ұйымға азайып, ондағы балалар отбасылық қамқорлыққа алынды.

«Әр баланы тегін үйірмемен қамтамасыз ету – оның ажырамас құқығы. Қосымша білім берумен жалпы қамту бүгінде 81% құрайды. Оның ішінде 587 мың бала немесе 15% мемлекеттік білім беру, шығармашылық және спорттық тапсырыс арқылы қамтылуда», – деді Е. Оспан.

Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттілігі бар 188 мың баланың құқықтарына ерекше назар аударылады. Бұл балалардың 97%-ы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған. Ерекше балаларға бюджет есебінен 8 түрлі қызмет ұсынылады, олар: әлеуметтік, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық, құқықтық қолдаулар. Бұл балалар бірінші кезекте балабақшалармен қамтылып, колледждер мен ЖОО-ларға түсу кезінде квоталарға ие болады. Сондай-ақ оларды педагог-тьюторлармен сүйемелдеуге заңнамалық жеңілдіктер белгіленген, деп нақтылады вице-министр.