Делегация құрамында Сенат спикері Мәулен Әшімбаев, Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі және еліміздің басқа да саяси және қоғам қайраткерлері бар. Сондай-ақ, Каирге қазақстандық театр актерлері, музыканттар мен ғалымдар келді.

Қабылдаушы тараптан Мысыр Парламенті Сенатының Төрағасы Абдель Уахаб Абдель Разек, әл-Азхар бас имамы шейх Ахмед ат-Тайеб, министрлер мен Каир қаласы әкімшілігінің өкілдері қатысты.

Мешітті қалпына келтіру жұмыстары Қазақстан Республикасының белсенді қатысуымен іске асты. 

«Бүгін Қазақстан мен Мысыр үшін өте маңызды күн. Біз Каирдің көрікті жерлерінің бірін қайта ашып қана қоймай, екі мемлекет арасындағы мәдени және рухани байланысты нығайтамыз. Бейбарыс сұлтан-біздің елдеріміздің тарихындағы маңызды тұлға, сондықтан Мысыр тарапына баршамыз үшін маңызды мәдени мұраны сақтау мәселесіндегі серіктестігі үшін алғыс айтқым келеді», — деп атап өтті Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Сондай-ақ қазақ және араб тілдерінде мемориалдық тақталардың ашылуы өтті, одан кейін қонақтар мешітке барып, нысанды аралады.

«Іс-шара Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығын мерекелеу бағдарламасына кіреді. Барлығы 300-ден астам іс-шара жоспарланған. Бұл ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер, спектакльдер және тағы басқалар. Мысалы, ақпан айында Астана көшелерінің біріне тарихи тұлғаның есімі берілді, ал Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Мамыр айының ортасында Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театры Астанада «Бейбарыс» қойылымын ұсынды», – деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Одан әрі Каир опера театрында Қазақстанның Мысырдағы мәдени күндеріне арналған гала-концерт өтті. Сахнада еліміздің еңбек сіңірген қайраткерлері, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары, танымал аспаптық және би ансамбльдері өнер көрсетті.

Сонымен қатар ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Мысыр Мәдениет министрі Невин Әл-Киланимен ресми екіжақты кездесу өткізді.

Қазақстан Республикасы мен Мысыр Араб Республикасы мәдениет, спорт және туризм салаларында белсенді ынтымақтастық орнатты. Мысалы, екіжақты үкіметаралық комиссия жұмыс істейді. Бүгінгі таңда комиссияның бес отырысы өтті. Алтыншы отысы осы жылға жоспарланып отыр.

Бұған дейін Каирде Абай ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі өткен болатын. 2021 жылы тараптар ежелгі ескерткіштерді қалпына келтіру саласындағы ынтымақтастық туралы келісті. Оның ішінде - Жаркент қаласындағы бірегей мешіт те бар.

Биыл Мысыр тарапы ҚР Ұлттық музейінде мамлюк кезеңіндегі ислам мәдениетінің көрмесін өткізуге ниетті.

Былтыр наурыз айынан бастап Қазақстанның 7 қаласы мен Шарм Эш-Шейх және Хургада курорттары арасында әуе қатынасы қайта жанданды. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Мысыр арасында аптасына 21 рейс жүзеге асырылады. 2023 жылғы 11 наурызда Мысырдың Аir Cairo әуе компаниясы Шарм Эш-Шейхтен Астана мен Алматыға алғашқы рейстерді іске қосты.

Қазіргі уақытта қос мемлекет арасында өзара визасыз режимді енгізу мәселесі пысықталып жатыр.