«Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде сот актілерінің талаптарын мәжбүрлеп орындау саласы жұмыс істейді. Жеке сот орындаушысы мамандығының ерекшелігі азаматтың өзі сот шешімін ерікті түрде орындамаған кезде қарыздарды өндіріп алуды көздейді», – деді палата төрағасы.

Оның айтуынша, қоғамда сот орындаушысы тәркіленген мүлікті «арзанға» сата алады деген жаңсақ пікір қалыптасқан.

«Бүгінде тыйым салынған мүлік тек қана электрондық сауда-саттықта сатылады деп айтқым келеді. Электрондық сауда алаңы функционал, мемлекеттік автоматтандырылған жүйенің бөлігі болып табылады», – деді спикер және осы жағдайларда сот орындаушысы сауда-саттыққа қатысты ешқандай қитұрқы әрекеттер жасай алмайтынын айтты. Рәсім бойынша жеке сот орындаушысы барлық құжаттарды дайындағаннан кейін электрондық аукцион өткізуге өтінім жібереді. Ол сауда-саттықтың болғанын немесе болмағанын хаттама шыққаннан кейін ғана біледі.

2022 жылдан бастап заңнамаға тиісті түзетулер енгізілді, оған сәйкес мүлік/тұрғын үй нарықтық құнынан 75%-ға төмен сатыла алмайды. Бұрын бұл шек 50% құраған. Сонымен қатар борышкерге өз тұрғын үйін ерікті түрде сату үшін міндетті түрде 3 ай мерзім беріледі. Осы мерзім сақталмай, сот орындаушысы тұрғын үйді сауда-саттыққа қоя алмайды, деп нақтылады палата басшысы.

Ал борышкерді үйінен көшірудің өзі тек соттың күшіне енген шешімі негізінде ғана жүзеге асырылады. Жалпы, елде мұндай істер аз. Мәселен, спикердің айтуынша, егер 2021 жылы орындауда 7 млн 800 мың іс болса, олардың тек 2 мыңы көшіру мәселесіне қатысты болған.

Жалпы, көшіру рәсімі заңмен реттелген. Ол құқық қорғау және басқа да мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өтуі тиіс. Алайда, көбінесе жеке сот орындаушысы проблемамен бетпе-бет қалады. Бұған жол бермеу үшін тиісті мемлекеттік органдар осындай атқарушылық әрекеттерді бірлесіп жүргізу туралы бірлескен бұйрықтар қабылдады.

Сондай-ақ борышкерлердің шоттарынан қаражат ұрлауды болдырмау және жеке сот орындаушыларының іс-қимылдарының ашықтығын қамтамасыз ету үшін палата бастамашылық жасап, бірқатар шаралар қабылдады. Ақпараттық жүйе шеңберінде өндіріп алушының сот орындаушысының шотындағы ақшаның қозғалысы туралы СМС-хабарламаны алуы енгізілді. Сонымен қатар өндіріп алушыға мүлікке тыйым салу алынып тасталған, мүлікке тыйым салынған, іс тоқтатылған және т. б. жағдайда хабарлама жіберіледі.

«Әділет министрлігімен бірлесіп жеке сот орындаушыларының ағымдағы шоттарды тексеру мүмкіндігіне, сондай-ақ өндіріп алынған сомаларды аудару мерзімдерін белгілеуге қатысты заңнамаға бірқатар түзетулер дайындалды», – деп түйіндеді палата төрағасы.