«Қазақстан бұрыннан Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасындағы алтын көпір саналады. Көп жағдайда бұл форум ұлы Еуразия даласының мәдениетіне, тарихына сай келеді. Біз осынау мұрамызды мақтан тұтамыз. Дәл осы үздіксіз тауар, мәдени жетістіктеріміз бен идея алмасу арқылы Қазақстанның өзіндік ұлттық бірегейлігі және оның ерекше көпжақты ынтымақтастыққа негізделген бренді қалыптасты», - деді Мемлекет басшысы.

Астана халықаралық форумы сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік, халықаралық даму және орнықтылық, энергетика және климаттың өзгеруі, сондай-ақ экономика және қаржы салаларындағы негізгі жаһандық сын-қатерлерді шешуге бағытталған.

9 маусымда өтетін форумның «The new Kazakhstan: steering the steppe amid a global storm» («Жаңа Қазақстан: жаһандық дауыл кезінде даланы басқару») панельдік сессиясы Қазақстанның әлеуетін, Мемлекет басшысы бастамашы болған ауқымды саяси, экономикалық, басқарушылық реформаларды іске асыруды талқылауға арналады.

Панельдік сессия барысында авторлар ұжымы кітабының тұсаукесері өткізілмек. Кітап авторларының бірі - 2008 жылғы дағдарысты болжаған Dr. Doom ретінде белгілі экономист Нуриэль Рубини.

Кітап әлемдік турбуленттілік жағдайында Қазақстанның өзгеруі мен мүмкіндіктеріне, сондай-ақ республикада жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығына қатысты әлемдік қоғамдастықтың сараптамалық бағалауы шоғырландырылған әртүрлі салалардағы жетекші шетелдік зерттеушілер мен сарапшылардың эсселер жинағы форматында жазылған.

«The new Kazakhstan: steering the steppe amid a global storm» («Жаңа Қазақстан: жаһандық дауыл кезінде даланы басқару») кітабында экономикалық, монетарлық және қаржылық тәуекелдер сияқты көптеген қауіп-қатерлермен, сондай-ақ геосаясатқа, климаттың өзгеруіне, пандемияға, деглобализацияға, жасанды интеллекттің пайда болуына байланысты күрделі проблемалармен ұштасқан бұрын-соңды болмаған белгісіздік кезіндегі өмір туралы баяндалады.

Шара аясында кең ауқымды мәселелер, оның ішінде Қазақстан Президенті бастамашылық еткен өзгерістерді жүзеге асырудағы еліміздің мүмкіндіктері талқыланады.