Спикер атап өткендей, елде 2025 жылға дейін мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі Ұлттық жоспар, «Amanat» партиясының жол картасы, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген және 2021 жылдан бастап қолданысқа енгізілген «Кедергісіз келешек» жобасы іске асырылуда.

«Жоспарда бейімделу бойынша 22 мың басым нысан анықталды. 2021 жылдан бастап елімізде жыл сайын 4400 нысан бейімделеді. Осы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша бейімделуге жоспарланған 13200 нысанның 9300-і немесе 41%-ы бейімделді», - деді Еңбек министрлігі комитетінің төрағасы.

Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша биыл жергілікті бюджеттерден ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін инфрақұрылымды жақсартуға, соның ішінде оларды пандустармен, бейімделген лифттермен, дәретханалармен, зағиптарға арналған бағыттаушы белгілермен қамтамасыз етуге 1,7 млрд теңге көзделген. 2021-2022 жылдары бұл сома жылына 1,5 млрд теңгені құрады. 2024-2025 жылдары бұл мақсаттарға жылына 1,8 млрд теңгеден бөлінетін болады.

«Қаржы жергілікті бюджеттен бөлінетінін атап өту қажет, ал мүгедек адамдарға арналған объектілерді бейімдеу бойынша жұмыс негізінен жоспарланған ілеспе күрделі, ағымдағы жөндеу және ғимараттар мен құрылыстарды қайта жөндеу шеңберінде жүргізіледі», –  деді бейінді комитеттің басшысы.

Оның айтуынша, комитеттің негізгі функцияларының бірі мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру болып табылады.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша Еңбек министрлігі комитетінің аумақтық департаменттері 1181 тексеру жүргізді, 4 мыңнан астам бұзушылық анықталды, 900-ден астам ұйғарым берілді және 60 млн теңгеден астам сомаға 300-ге жуық айыппұл салынды», – деді Т.Оспанқұлов.

Өңірлерде 1630 адамнан тұратын 227 мониторингтік топ жұмыс істейді. Еңбек министрлігі жанынан 2022 жылдан бастап республикалық жұмыс тобы қызметін жүзеге асырады. Ол бүгін 3 кеңес өткізді, онда мүгедек адамдарға арналған объектілердің қолжетімділігі мәселелері қаралды.

ЖАО-ның барлық жұмысы мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы порталда орналастырылады, онда объектілердің интерактивті картасы жұмыс істейді. Мүгедектігі бар адам үйден шықпай-ақ телефонынан немесе компьютерден осы интерактивті картаны ашып, қолжетімділік мүмкіндіктерін көре алады. Оған 9 мыңнан астам нысанның деректері енгізілген. Бұл әлеуметтік қызмет көрсету мекемелері, мемлекеттік органдар, ХҚКО, мектептер, ауруханалар, дүкендер, сауда орталықтары, шаштараздар және басқа да әлеуметтік инфрақұрылым нысандары, деп қорытындылады комитет төрағасы.