2023 жылғы 11 сәуірде Әділет министрлігі Республикалық нотариаттық палатамен бірлесіп «Цифрлық нотариат» пилоттық жобасын іске қосты. Оның шеңберінде халыққа сенімхаттарды онлайн форматта ресімдеу мүмкіндігі берілді. Жобаның бірінші кезеңінде онлайн форматта сенімхаттың тек үш түрі ресімделген: барлық мемлекеттік органдарда, мекемелерде, барлық меншік нысанындағы кәсіпорындарда мүдделер ұсынуға; мұрагерлік істі жүргізуге; соттарда іс жүргізуге.

Алайда, жобаны жүзеге асыру барысында тұрғындардың өмірлік жағдайларына қарай онлайн режимде ресімделетін сенімхаттар тізбесін кеңейту қажеттілігі туындады.

Осыған байланысты ведомство мүлікке иелік етуге байланысты сенімхаттардан өзге, сенімхаттардың барлық түрлерін осы тізбеге енгізу туралы шешім қабылдады. Қызмет алу сапасы мен ыңғайлылығын жақсарту бойынша жұмыс жалғасады.