Аталған айналма автожолы еліміздің тарихындағы алғашқы концессиялық жоба саналады. Оның құрылысы 3 жыл бұрын түрік-корей консорциумының негізінде қолға алынып, жоспарға сәйкес 2024 жылы қолданысқа берілуге тиіс еді. Бірақ қарқынды жұмыстардың нәтижесінде нысан мерзімінен бұрын тапсырылды.
ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин автожолдың тиімділігі мен басымдықтарын атап өтті. Оның айтуынша, Үлкен Алматы айналма автожолы мегаполис көшелеріндегі және қала маңындағы кептелісті азайтып, экологиялық жағдайды жақсартады.
«Бұл еліміздің тарихындағы маңызды сәттердің бірі. Себебі Үлкен Алматы айналма автожолы Орталық Азиядағы ең ірі инфрақұрылымдық жоба саналады. Осы жол құрылысы халықтың игілігі үшін қолға алынғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ аталған жоба мегаполис тұрғындары мен жергілікті халықтың еркін қозғалуына септігін тигізері анық», – деді Төлеген Абдуллин.
Концессия тетігіне сәйкес құрылыс жұмыстарын инвестор жеке қаражаты есебінен жүргізген. Енді алдағы 16 жыл бойы жол инвестордың кепілдік мерзімінде болады. 66 шақырымдық айналма жолды жарты сағатта еңсеруге болады.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтың айтуынша, жаңа жол-көлік инфрақұрылымы өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін жақсартып, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етпек.
«Аталған айналма автожолы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған еліміздегі маңызды инвестициялық жобалардың бірі. Ол тұтастай өңірдің экономикалық дамуына серпін беретін Батыс Қытай – Батыс Еуропа транзиттік дәлізінің негізгі тармағы саналады. Осы жол облысымыздың дамуына әсер беріп, инвестициялық және туристік әлеуетті арттырады деген сенімдеміз», – деді М.Сұлтанғазиев.
Жаңа жолдың бойымен бірнеше көлік Қаскелең қаласына дейін жүріп өтті.