Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осы өңірлерді дамытуға барлығы 2,7 есе өсіммен 23,1 млрд теңге бөлінгенін айтты. Негізгі сомалар сумен жабдықтау желілерін дамытуға, Арқалық қаласында 300 орындық мемлекеттік тілде оқытатын жалпы білім беретін мектеп салуға жұмсалмақ. Сонымен қатар 24 білім беру нысанына жөндеу жұмыстарын жүргізуге және көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталады.

Сондай-ақ биыл Арқалық қаласынан Астанаға шығатын жолды жөнделе бастады.

Бұдан басқа, Арқалық қаласының, Амангелді және Жангелдин аудандарының шағын және орта бизнес субъектілерін өңірлік қаржыландыру бағдарламасы бекітілген.

«Бұл дегеніміз - бағдарламаға қатысушылар жылына 1% мөлшерлемемен несие алатын болады. Сондай-ақ аталған аудандарды әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленді, ол қазір Үкіметтің қарауында», – деп нақтылады Қ. Ақсақалов.

Арқалық қаласының тозығы жеткен жылу желілерін мәселесін шешуге баса назар аударылады, олардың тозу деңгейі – 87%.

«Барлық қалада техникалық аудит жүргіздік, 1 маусымға қарай барлық аудит бітті. Енді әрбір қала бойынша қай учаскелердің нақты тозғанын, жұмысты қай жерден бастауымыз керек, көріп отырмыз. Арқалық бойынша нақты айтатын болсақ, қаланың жылу желілерінің ұзындығы 34 шақырымды құрайды. Соның биыл 7 шақырымына күрделі жөндеу жүргізілуде», – деді әкім.

Бұл жұмыстар келесі жылы да, 2025 жылы да жалғасын табады.