Өткен аптада елдегі ӘМАТ бағасының жалпы өсу индексі 0%-ды құрады. Сонымен қатар қырыққабат, қарақұмық, жұмыртқа және күнбағыс майы бағасының төмендеуі жалғасуда. Ерте пісетін өнімді жинауға байланысты картоп пен сәбіз бағасында шамалы маусымдық өсім байқалады.
Өткен кеңестердің бірінде Серік Жұманғарин әкімдіктердің айналым және форвардтық схемалар бойынша жасалған шарттарын тексеруді тапсырған болатын. ҚР СИМ сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабеков Ұлытау өңіріне жасаған жұмыс сапарының нәтижелері туралы баяндады.
«Жүргізілген талдау қорытындысы бойынша жергілікті әкімдік пен ӘКК жұмысында бірқатар бұзушылықтар анықталды. Біріншіден, әкімдік өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алуды жүзеге асыру үшін ӘМАТ тізбесін бекітпеген. Екіншіден, 2023 жылғы 6 маусымда Жезқазған супермаркеттері мен дүкендерінде әлеуметтік өнімдердің 9 түрі бойынша шекті баға көтерілгені тіркелді. Үшіншіден, ӘКК-де "айналым схемасы" бойынша шарттар жоқ, тиісінше кәсіпкерлерге жеңілдетілген қарыздарға бөлінген ақша қаражаты өз мақсатына жетпейді, ұтымсыз пайдаланылады және депозиттерде жатыр. ӘКК арқылы тұрақтандыру қорына сатып алынатын өнім өңірдің дүкендерінде жоқ. Тұрақтандыру қорында осы жылдың қаңтар-мамыр айларында тоғыз атаумен тауарлық интервенциялар іс жүзінде жүргізілмеді, тауар қорларының басым бөлігі 2023 жылдың күзіне және 2024 жылдың басына ауыстырылды. ӘКК-де әлеуметтік өнімдер қорларының жалпы көлемі 2170 тоннаны құраса, 2023 жылы сату көлемі небәрі 243 тоннаны құрады», – деп мәлімдеді Айдар Әбілдабеков.
Сонымен қатар Ұлытау өңірінің сауда департаменті ӘКК-нің әлеуметтік өнімдерін жоғары сауда үстемесімен кәсіпкерлерге қайта сатудың 4 фактісін анықтады. Атап айтқанда, осы жылдың наурыз айында «Ұлытау» ӘКК кәсіпкермен 1500 кг көлемінде 190 теңгеден пияз сатуға шарт жасасты, ол кейіннен рұқсат етілген 15% орнына 47%-ға дейін сауда үстемесімен пиязды сатты, яғни бір килограмына 280 теңгеден алды. Тағы бір кәсіпкер ӘКК-ден қырыққабаттың әр килограмын 45 теңгеден сатып алып, оның бағасын 8 есеге көтеріп, 360 теңгеге сатты. Осындай фактілер картоп пен күнбағыс майын сату кезінде де анықталды. Бұл ретте, сауда қызметін реттеу туралы заңнамаға сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізуге шарттар жасасу кезінде шекті сауда үстемесінің мөлшері міндетті түрде белгіленуі тиіс. Ал егер бұл талап бұзылса, мәміле жарамсыз болады.
Барлық анықталған фактілер бойынша кәсіпкерлер ҚР ӘҚБтК-нің 204-4-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әкімдік пен ӘКК лауазымды адамдарының әрекеттері бойынша материал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жіберілетін болады.
Өңірлерде көкөніс қорларының бар-жоғы туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков баяндады. Жалпы, күзгі егін жинау науқанын қаржыландыру жұмыстары жалғасуда. АШМ тарапынан картоп, пияз және қырыққабат бойынша өңірлерге келісімшарттарды ұсынылған көлемге жеткізу тапсырылды.
Кеңес барысында үлгілік қағидалар шеңберінде форвардтық шарттар жасасу үшін ӘМАТ тізімі кеңейтілгені атап өтілді. Қарақұмық жармасы, күріш, күнбағыс майы, ұн және қант өндіру үшін форвардтық қаржыландыру енгізілді. Осылайша, әкімдіктердің күзгі егіннің шикізатын (күріш-шала, қарақұмық, күнбағыс) сатып алу үшін өңдеуші кәсіпорындарды форвардтық қаржыландыруды жүзеге асыруға мүмкіндігі бар. Ол үшін Ербол Тасжүреков атап өткендей, өңірлер осы тауарлар бойынша қажеттілік көлемін растауы қажет.
Кеңесте 24 маусымға жоспарланған Қызылорда облысында күріш жәрмеңкесін өткізуге дайындық барысы талқыланды. Оған күзгі егін жинау науқанына орай форвардтық шарттар жасасу үшін өңірлердегі барлық ӘКК және күріш пен әлеуметтік өнімдердің ірі өндірушілері қатысады.
«Өткен аптада әлеуметтік өнімдер бағасының өсуінің нөлдік көрсеткіші – оң нәтиже. Жыл басынан мамыр айының соңына дейін ӘМАТ бағасының өсу индексі 4,2%-ды құрады. Маусым айының қорытындысы бойынша ол 4,3%-дан аспауы тиіс. Барлық әкімдік оны қамтамасыз ету бойынша жан-жақты шаралар қабылдауы қажет. Сауда және интеграция министрлігі барлық жергілікті атқарушы органдар мен «Ұлытау» ӘКК-нің, атап айтқанда, әлеуметтік өнімдерге бағаны тұрақтандыру жөніндегі жұмысын ерекше бақылауға алсын», – деп тапсырды кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин.